Әйел суға батып кеткен Қапшағай көлінің жағалауы жекеменшікке берілмеген болып шықты – Депутат Бақытжан Базарбек
Фото: Видеодан скрин
Шілде айының басында мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қонаев қаласына демалуға барған. Бірақ ол жерде қайғылы жағдайға, яғни бір әйелдің суға батып кеткеніне куәгер болды. Оқиға болған жерде не құтқарушылар, не қажетті құрал-жабдықтар, тіпті қарапайым дәретхана да болмаған. Осыдан кейін депутат Қонаевтың жағалау аймағына тексеріс жүргізуді бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сөйтсе, жергілікті билік ондаған жер телімін жеке адамдарға сатып жіберген. Бұл заңға қайшы! Өйткені бұл аумақтар ерекше қорғалатын табиғи аймақтарға жатады. Ондай жерлерді жеке меншікке беруге болмайды. Енді депутат Базарбек Бас прокуратурадан бұл жерлерді мемлекет меншігіне қайтару үшін арнайы тексеріс жүргізуді сұрап отыр. Сонымен қатар бұл мәселені Президент әкімшілігі бақылауға алуы керек деп есептейді.
Депутаттың сөзінше, Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының ақпараттық жүйесіндегі деректерді зерделеуінен кейін Қапшағай су қоймасының су қорғау аймағы мен жолағында, Қонаев және Алатау қалаларының әкімшілік аумағында заңсыз жер беру фактілері анықталды.
"Атап айтқанда, Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау жолағына кіретін жер телімдері жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жеке меншікке берілгені белгілі болды. Сонымен қатар Қапшағай су қоймасы мен Іле өзеніне жақын орналасқан "ерекше қорғалатын табиғи аумақ" санатына жататын көптеген жер телімдері де жеке меншікке өткен. Кадастр деректеріне сәйкес, Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау жолағында және Қонаев пен Алатау қалаларының аумағында орналасқан 83 жер телімінің ішінен 30-ы "ерекше қорғалатын табиғи аумақ" ретінде тіркелген. Жер кодексінің 122-бабының 2-тармағына сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жерлер – халықтың меншігі болып табылады және олар жекеменшікке берілмейді", – делінген Бақытжан Базарбектің анықтамасында.
Сондай-ақ Жер кодексінің 26-бабының 2-тармағына сәйкес, мынадай жерлер жеке меншікте бола алмайды:
• ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жерлер;
• су қорының жерлері (Жер кодексінің 133-бабының 2-тармағында көрсетілген жағдайлардан басқа).
Оған қоса, Жер кодексінің 132-бабына сәйкес, су қорының жерлері деп мыналар танылады:
• жер үсті су нысандары орналасқан жерлер;
• су айдындарының су қорғау жолағы мен санитарлық қорғау аймақтарына бөлінген жерлер.
Осылайша, заңға қайшы түрде жеке меншікке берілген бұл жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс дейді депутат.
"Басқаша айтқанда, Жер кодексінің 26-бабының 2-тармағына сәйкес, жер үсті су нысандарының су қорғау жолағына бөлінген жерлер жеке тұлғалар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігінде болмауға тиіс. Ал су қорғау жолағында орналасқан әрі "ерекше қорғалатын табиғи аумақ" ретінде танылған жер телімдерінің жеке меншікте болуы Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің экологиялық және су қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Осыған байланысты, мен жоғарыда көрсеткен деректер Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау жолағындағы аумақтардың заңсыз иеліктен шығарылғанын көрсететін белгілерге ие болғандықтан, төмендегі уәкілетті органдардың тарапынан тиісті тексеріс жүргізілуі қажет", – деді депутат Бақытжан Базарбек.
Депутат Алматы облысының прокуратурасы, Алматы облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясына өтініш жазды.
"Жоғарыда айтылғандарға және Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 26-бабы, 122-бабының 2-тармағы, 132-бабы, 147-бабының 2-тармағының 1) тармақшасы, 148-бабының 1 және 2-тармақтарына, сондай-ақ Су кодексінің 24, 51, 52, 85, 86, 90 және 133-баптарына сәйкес Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау аймағы мен жолағында орналасқан, Қосымша 1-де көрсетілген жер телімдерінің заңды берілген-берілмегенін тексеруді сұраймын. Сонымен қатар Егер Жер және Су кодекстерінің талаптарының бұзылғаны расталса, Кәсіпкерлік кодексінің шеңберінде тиісті процессуалдық шаралар қабылдап, заңсыз иеліктен шығарылған жер телімдерін қайтару жөнінде сот органдарына талап қою керек екенін ескерттім келеді", – делінген Бақытжан Базарбектің арызында.
Артында 5 баласы қалды: Ақтауда ер адам суға батып бара жатқандарды құтқарып, өзі батып кеткен
Еске салайық, бұған дейін 6 шілдеде Қапшағай жағажайында әйел адам суға батып кетті. Жағажайда құтқарушы, медициналық көмек пен бейнебақылау болмаған. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек оқиғаны көзімен көріп, қауіпсіздік талаптарының сақталмағанын айтты. Жағажай жеке кәсіпкерге жалға берілген. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
