"Кәсібімді жауып, 52 миллион теңге салдым": Айс Мұратова есімді келіншекке алданған бір топ қазақстандық полиция департаментіне жиналды
Бұған дейін “Айс Мұратова” есімді келіншектің әр өңір бойынша 5 мыңнан аса адамды 30 миллиард теңгеге алдағаны айтылған еді. Ақшаларын әлі күнге дейін қайтара алмай жүрген Әсемгүл Болатова, Жанар Сейтқожаева, Алма Ауысбаевалар Алматы полиция департаментіне барып, істің созбаққа салынып жүргеніне наразылығын білдірді. Жәбірленушілердің айтуынша, Айсқа жолыққаннан бері өмірлері 180 градусқа күрт өзгеріп, елдің бетіне қараудан қалған. Stan.kz тілшісі әйелдерден мән-жайды сұрап, заңгер Нұрсұлтан Орынбеков L-Capital және "Аманатдрайв" компанияларының алдау схемасын айтып берді.
Фото: Stan.kz коллажы
"Интернет алаяқтардан жапа шеккен халық базынасы"
Әйелдің алаяқтық схемасында 130-дан аса менеджермен 650-ге жуық WhatsApp чаттары арқылы бірігіп әрекет еткен. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1500-ден аса шағым түссе, биыл бұл сан әжептәуір өскен. Жәбірленушелер одан толық соманы қайтарып алғысы келетінін және оның жазасын өтеп, түрмеге тоғытылғанын сұрайды.
"Қаскелеңнен Арайлым Қожамұратованың ісі бойынша келіп тұрмын. Бұрын саудамен айналыстым. Саудада жүріп, клиенттерім мынадай арзан тауарлар шығып жатыр екен, сен арқылы тапсырыс берейікші деп ұсыныс тастады. Содан соң тапсырыс жинадым. Айстың өзіне емес, жеке менеджеріне шықтым. Себебі Арайлым Қожамұратованың (Айс Мұратованың шын аты-жөні) тобына кіру үшін 2 миллион теңге беру керек. Мұндай қомақты ақшам болмағандықтан, құдашасы Әсел Рақымға және тағы бір менеджері Гүлмира Сапболаваға тапсырыс бердім. Қазір жалпы шығынымның көлемі – 55 миллион теңге. Одан бөлек жеткізіп беруге қосымша қаражат бердім. Оны төлемесек, тауардың санын толтырмасақ "топтан шығарамыз", "ақшаларың қайтарылмайды" деп қорқытты. Қазір алданғаныма қатты өкінемін. Намыстанамын. Істің әділ өтіп, ақшамызды қайтарып беруін сұраймын", – деді Әсемгүл Болатова.
Ал Жанар Сейтқожаева тергеудің амалдары ұзаққа созылғанына байланысты полиция департаментіне келіп тұрғанын айтты.
"Тергеудің нәтижесін оқыдық. Ол жерде тек 20 миллион теңге шығын келгені туралы көрсетілген. Алайда сол кезде есептегенімізде 80 миллионнан аса залал келген. Арыз түсірген тізімде біздің аты-жөніміздің жоқтығы көңілге күдік ұялатады. Қалай ол 20 миллионмен ғана үйқамақта отыр? Қазір 30 миллион теңгеден асатын сомадан айырылып қалдым. Ақшадан бұрын ол бізге моральдық зақым келтірді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық", – деді Жанар Сейтқожаева.
Бұдан бөлек шымкенттік Алма Ауысбаева қазір Алматыдағы базарлардың бірінде күн көру үшін кішігірім сауда жасап жүр.
"Айс Мұратоваға жолыққаннан бері өміріміз 180 градусқа күрт өзгерді. Елдің бетіне қараудан қалып, қара бет болдық. Айдың, күннің аманында ішпей, жемей қарыз болып отырмыз. Арайлым Қожамұратованың жеке өзіне салғанымыз 22 миллион теңге, басқа менеджерлерге 30 миллион салдым. Мұның алдында Астанада кәсібімізді аяқтан тұрғызып, жақсы табыс табатын едік. Кейін осы іске ақша салып, қарызға батқаннан кейін кәсібімізді жабуға тура келді. Тауардың түрін де, пайдасын да көрген жоқпыз", – деді кәсіпкер Алма Ауысбаева.
Фотода Әсемгүл Болатова, Жанар Сейтқожаева және Алма Ауысбаева / Stan.kz оқиға орнынан түсіріп алған
2024 жылдың 21 ақпанында олар Алматы полиция департаментіне келіп, істің мән-жайын сұрады. Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтың сөзінше, департаменттегі тергеу бөлімі істің әлі үш айға созылатынын айтады.
"Бүгін Алматы полиция департаментіне келіп, "Айс Мұратованың" ісіне байланысты тергеу бөлімінің басшысы Қайрат Болатұлымен жолықтық. Ол кісінің мәліметінше, қазір іс 62 томнан тұрады. Ал үйқамақ 2024 жылдың 23 наурызына дейін жалғасады. Бүгінде сыбайластары бойынша істер қарастырылмаған. Әзірге тек жауап алулар жүзеге асырылып жатыр. Күн сайын сома да көбейіп жатқаны туралы айтылды. Алдағы уақытта тергеп-тексеруді жеделдету мақсатында біз ұсыныс айттық. Ол – аудит. Бұл ретте лицензиясы бар аудиторлар осы жерге келіп, тергеушілерге көмектесcе, іс әрі қарай оң нәтижесін береді. Бүгінгі айтқан талап-арызымыз оңтайлы шешілді деп ойлаймыз. Әсіресе, өңірлерден "Айс Мұратоваға" қатысты арыз көбейгендіктен, жергілікті құзырлы органдарға тапсырмалар берілді. Сондықтан сабыр сақтауларыңызды сұраймыз. Тергеу амалдары тағы 3 айға созылатыны туралы айтылды", – деді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.
Өзін Қытайдан арзан бағада тауар алып келемін деп таныстырған байер Айс Мұратованың шын аты-жөні – Арайлым Қожамұратова.
Ол 2022-2023 жылдары халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған. Өкініштісі, арзан тауарлар, ыдыс-аяқ жіберемін деген келіншек әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, елді қол астымда заңды жұмысшыларым бар деп сендіріп келген. Төлемдерді ешқандай келісімшартсыз, яғни карта арқылы шотқа "аударым" арқылы жіберуді сұрап отырған. Бастапқыда азын-аулақ қаражатқа тапсырыс берушілердің тауарын жіберіп тұрған. Кейін салымшылардың саны күрт өсіп, ірі сомаға жеткенде барлық салымшыны бір күнде алдап кеткен. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған.
Фотоны Stan.kz оқиға орнынан түсіріп алған
Әлеуметтік желіде дау тудырған мәселелердің қатарында "L-капитал" ісі де бар. Бүгінlе "L-капитал" деген қаржылық ұйымның құрбаны болған адамдардың саны 1 451-ге жетті. Бұл сапта өнер жұлдыздары да жарнама жасап, халықтың сеніміне кірген.
Жапа шеккендердің біразы – зейнеткерлер мен жалғызбасты аналар. Залалдың көлемі – 10 миллиард 499 000 000 теңге. Заңгердің сөзінше, бұл қаржыны "L-Капитал” басшылары ізім-ғайым жоқ қылған. Ол арызданушылардың сот тым созбаққа салғанын және прокуратура органдарының баяу әрекетіне наразылықтарын білдірген.
Қаржылық ұйым бір уақытта елдің күдігін жою үшін түрлі жобаға инвестиция салдық деген құжаттарды көрсеткен. Бірақ ол ақшалардың қайда кеткені де салымшыларға беймәлім.
Интернет пирамидаға ұқсас бұл ұйымды 2008 жылы Алматы қаласы, Әуезов ауданындағы Әділет басқармасы ресми тіркепті. Әуелі халыққа өздерін қаржы сауатын үйрететін бизнес компания ретінде таныстырған. Қаржы сауатын арттырамыз деп барған адамдар қазір олармен соттасып жүр.
Жәбірленушілер сот процесі не себепті созылып жатқанын және Алматыдағы Бостандық аудандық соты неліктен Айыптау актісінде нақты айғақтар жоқ деп істі прокуратураға 3 рет қайтарғанын білгісі келеді.
Екіншіден, олар "L-Капиталдың" басшыларынан бөлек сол ұжымға ақша салуға адамдарды үгіттеген өнер жұлдыздарын да заң алдында жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Фото видеокадрдан алынған
Алаяқтарға алданбаудың 5 жолы
Осы тұста заңгер Нұрсұлтан Орынбеков интернет алаяқтарға алданбаудың бес жолын айтып берді.
- “Біріншіден, жеңіл табысқа әуес болмаңыз. Қаржы сауатыңызды арттырыңыз. Инвестиция және арбитраж терминдерінің тарихын және жасалу процесін толығымен зерттеп шығыңыз. Негізгі көздерден ақпарат алғаннан кейін ғана әрекетке көшіңіз. Әлеуметтік желідегі түрлі саудагерге сене бермеңіз. Алдымен тауарыңызды алып, сосын ғана ақша салыңыз.
- Екіншіден, жеке куәлігіңізді, жеке шотыңызды әлеуметтік желіге жариялаған кезде және досыңызға хабарлама жіберген кезде сақ болыңыз. Карта нөмірлерін, құпия сөздерін үнемі ауыстырып тұрыңыз. Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификациясы бар сенімді парольдер қолданыңыз. Мысалы, белгісіз адам қоңырау шалып, өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырады. Сіздің картаңыздан рұқсат етілмеген төлем жасалғанын және ақшаңызды сақтап қалу үшін оларды басқа шотқа аудару немесе төлем картаңыздың деректемелерін айтып беруді талап етеді. Мұндайда ешқашан бейтаныс адамдардың электронды шотына ақша жібермеңіз.
- Үшіншіден, WhatsApp желісінде досыңыз қарыз беруді сұрап, хат жазса, міндетті түрде видеомен қоңырау соғуын талап етіңіз. Сіздің ақшаңызды иемдену үшін олар түрлі амалға барады. Бірі өзін екінші деңгейдегі банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін деп таныстырады. Сенімге кірудің тың тәсілін жақсы меңгеріп алған олар азаматтардың есепшотын біреулер бұзып кірмек болғанын айтып, қауіпсіздік үшін шоттағы қаржыны басқа банк шотына аударуды кеңес етеді. Осылайша сіздің ақшаңызға оңай қол жеткізеді. Олар сіздерге қоңырау шалып AnyDesk, TeamViewer секілді қосымшаларды жүктеуге шақырады. Осындай жағдайға тап бола қалсаңыз, дереу тұтқаны қойып, банкке немесе тікелей полиция органдарына хабарласыңыз.
- Төртіншіден, егер алаяқтар сізге хабарласап, тез арада шешім қабылдауды ұсынса, бірден телефоныңызды қойыңыз. Эмоцияға берілмеңіз. Уақыт тығыздығына байланысты сізді қорқытса, артынша сабырға келуге тырысыңыз. Шабуыл жасаушылар қарапайым адамдардың психологиясын жақсы меңгерген. Олар тез және сенімді сөйлейді. Кәсіби терминдерді қолданады. Сізді шешім қабылдауға асықтырады. Қажет жерінде қорқытады. Сондықтан барынша сақ болу керек-ақ.
- Бесіншіден, ашық қоғамдық Wi-Fi нүктелеріне сенбеңіз. Сонымен қатар өз аутентификациялық деректеріңізді қорғалмаған сымсыз желілер арқылы енгізбеуге тырысыңыз. Келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек”, – деді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.