Айбек Қалиев: Айтыста сынағаным үшін "мойныңды бұрап жұлып алам" деп телефон шалды
Айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев ел мәселесі жайлы ойын айтты. Айтыстағы қателері мен кедергілері, билікті сынаған кездерін саралап берді. Бұрынғы айтыс пен қазіргі айтыстың айырмашылығын сөз етті.
Бұл туралы Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтылды.
Айбек Қалиев айтыста оза шауып, көрерменнің ықыласына бөленген, айтыс өнерінде өзіндік орны бар ақын. Айтысқа алғаш шыққан сәтінен бастап өз биігінен түскен жоқ.
Ақын билікті сынайтын жерде сынап, мақтайтын жерде мақтады. Өзін ол үшін қорқытып-үркіткендер де болған көрінеді. Алайда айтыскер үшін ақиқат қымбат.
"Бір кездері қажылық туралы айттым. Қажылықтың қадірін кетіріп жүр деп Амантай қажыны сынадым. Ол кісі телефоныма хабарласып "мойныңды бұрап жұлып алам" деген еді. Бірақ мойным орнымда. Ол кісі сол кезде маған дауыс беріп жүр екен. Сөйтсем, өзін сынағанда ашуланған. Одан кейін бетпе-бет кездеспедік", - деді айтыскер.
- Балғынбек Имашев "Дикий Арман" мен Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуіне өлең арнады
- Балғынбек Имашев Айнұр Тұрсынбаеваға: Күйеуің сенің жылан екеніңді білмей жүр
Айбек Қалиев билікке де сын айтып, қолға алар істің біршамасын тізіп берген еді.
"Мен шамам келгенше айттым. Билікті де, басшыны да. Естір құлақ жоқ. Мен сол кісінің қасында жүрген адамдардан, зиялы қауымнан бір Бұқар шықса деп армандадым. Мінін, қатесін айтса. "Ей, Нұрсұлтан, кім едің?" деген бір Бұқар шыққан жоқ. Мен ес білгенде елбасы президент болды. Мен оның жүріп өткен жолын көзбен көрген жоқпын. Сондықтан қасында жүрген, сөзі өтетін, өскенін көрген адам айта алар еді. Бір айтыста елдегі мәселені көтеріп, билік шешу керек проблемаларды тізіп бердім. Ол кезде залда Болат Назарбаев отырған еді. Жүрсін ағам сол кісіні меңзеп "айтқаның елбасыға жететін болды" деген еді. Болат мырзаның еш қарсылығы болған жоқ. Керісінше, қол соғып қошеметтеді", - деді ақын.
Айбек мырза бір айтыста әкімді жамандаймын деп бармақ тістеп қалғанын айтады.
"Арқалықта Аманжол Әлтаев екеуміз айтысқа қатыстық. Мен бұрынғы әкімдерін сынадым. Сабыржан деген кісіні де сынға алдым. Ол кісі сол аймақта әкім болған. Кейін ол кісі менімен жолығып, мән-жайды түсіндірді. Мәселенің басқада екенін түсіндім. Мен сондағы сөзге сеніп, еш сараламастан, жастықтың буымен сынаппын. Бірақ ол кісі маған ренжіген жоқ. Қатемді түзеді. Бет көріспей кеткен жоқпыз. Әлі күнге сәлеміміз түзу. Қазір ондай "Сабыржандар" жоқ. Қатеңді түзеп, әрі қарай араласа беретін адам жоқ. Сол уақыттан бастап мен бір мәселені айтсам, әбден тексеріп алатын болдым", - деді Қалиев.
Айтыскердің айтуынша, кей ақындар билікті мақтап, не болмаса айтыс өткен өңірді мақтап ұпай жинайды. Солайша жүлделі болғысы келеді.
"Бір кездері айтыс саясиланып, театрланып кетті. Айтыскерлер айтыс өткен өлкені мақтап, басшысын мақтап, билікті мақтап жүлделі болатын. Бұрынғы айтыс пен қазіргі айтысты салыстыруға болмайды", - деді айтыскер.