Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аяғы сыздап, аяқ-асты басы айналады: Артық салмақтан зардап шегетін алматылық әйел мүгедектік рәсімдей алмай отыр

Алматы тұрғыны Шынар Айбасова 195 келі салмақпен мүгедіктік құжатын ала алмай отыр. Күн санап салмақ қосып, жүріп-тұруым қиындап кетті деген Шынарға осы уақытқа дейін жергілікті әкімдіктен ешкім келмепті. Ал сол аумаққа жауапты емхана оған көмектескеннің орнына, толық талдауларын өткізбей, мүгедектік ала алмайтынын мәлімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Артық салмақтан денсаулығы күн өткен сайын нашарлап бара жатқан 47 жастағы келіншек "мүгедектік алудың өзі мұң болды" деп қынжылады. Екі жылдан бері төсек тартып жатқан Шынар Айбасова осы уақытқа дейін денсаулығын толық тексерістен өткізе алмапты. Аяғы сыздап, аяқ-асты басы айналатын әйелге дәрігерлер қант диабеті диагнозын қойған. Артық салмағының бір себебі - осы.

Ол Алматыдағы Наурызбай ауданына қарасты Абай ауылында бір бөлмелі пәтер жалдап тұрады.

"Жуынатын жерім жоқ. Осы дәрет те, осы жерде био-туалетпен, тамақ ішетін жерім де осы, жататын жерім де осы жер", - деді Шынар Айбасова.

Қожайыны қанағат етіп, Шынарға тек су мен жарықтың ақшасын төлеп отыр деп берген бір бөлмелі үйдің де едені аяқ бастырмайтын суық. Көршілері берген электр пешін қосайын десе жарықтың бағасы қымбат. Қызы екеуі қырық мың теңгеге күнелтеді. Шынар мүмкіндік болса, денсаулығын да түзеткісі келеді. Бірақ жергілікті емханадағылар әйел дәрігерлік тексерістен толық өтпей тұрып, мүгедектік құжатын ала алмайтынын айтады.

"Анализбен, ЭКГ-сімен ғана ауруханаға жатқыза алмаймын. Мысалға, мен қазір эндокренологқа жатқызу үшін бұл кісінің аяқтарының үздігі, соған түсіруім керек. Ондай аппарат біздің өзімізде жоқ. Біз басқа ұйыммен келісім-шартқа отырғанбыз", - деді №36 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Адалият Қайратқызы.

Жергілікті әкімдік Шынардың мәселесін бұған дейін онлайн тыңдаған екен. Ал жағдайын көздерімен енді көрген әлеуметтік сала мамандары оған жуық арада баспана іздейміз деп ақталды. 

"Жаңа пәтерге ауыстырған жағдайда пәтердің бастапқы үш айын демеушілер өздері көтеретін болады", - деді Наурызбай ауданы әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Еркін Сағитжанұлы.

Қозғалысым қиындап, ені 3 шаршы метр болатын аядай бөлмеден кіріп-шыға алмай жүрген Шынар Айбасованың енді басқа пәтерге көшіріп берсе деген тілегі бар. Ал әкімдік бүгін-ертең пәтер мәселесін шешіп береміз деп уәде етіп отыр.  

Талқылау