Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аустралияда 33 жастағы экс-UFC спортшысы Суман Мохтарянды белгісіз біреулер атып кетті

Фото: Zuffa LLC via Getty Images

Аустралияда UFC-дің бұрынғы жекпе-жек шебері Суман Мохтарянды белгісіз біреулер атып кетті. Спортшы алған жарақаттарынан көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Daily Telegraph басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға кеше Сидней қаласының маңында болған. 33 жастағы Мохтарянды көшеде серуендеп жүрген кезде белгісіз біреу атып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, оқ атқан адам қызыл түсті Audi көлігінде отырған. Ол оқ жаудырған соң бірден қашып кеткен.

Жедел жәрдем келіп, Мохтарянға көмек көрсетуге тырысқанынмен өкінішке қарай, ол оқиға орнында жан тапсырды. Көп ұзамай, оқиға орнына жақын маңда екі көлік өртеліп, жойылғаны анықталды. Қазір полиция бұл көліктердің қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Жергілікті полиция басшысы Джейсон Джойстың айтуынша, тергеу енді ғана басталған. Құқық қорғау органдары бірнеше болжамды қарастырып отыр. Соның ішінде қылмыстық топтардың қатысы болуы да мүмкін.

"Біз бұл – әдейі ұйымдастырылған кісі өлтіру деп есептейміз", – деді Джойс.

Бұған дейін, 2024 жылдың ақпанында Мохтарянға спортзалы маңында да оқ атылған. Ол кезде аман қалған. Ал сәуір айында, қауіпсіздік үшін, оның спортзалының спортшылары қатысуы тиіс болған турнирді полиция тоқтатып тастаған.

Суман Мохтарян UFC ұйымында екі жекпе-жек өткізген. 

  • 2018 жылдың желтоқсанында Содик Юсуфқа техникалық нокаутпен жеңілді;
  • Келесі жылы кореялық Сен Ву Чоға төрешілердің шешімімен ұтылды.

STAN.KZ
Бейсенбі, 09 Қазан, 2025 13:20
Талқылау