Ауыз қуысы бактериялары адамның психикалық жағдайына қалай әсер етеді – Мамандар байланысын анықтады
Ғалымдар ауыз қуысы микробиомасының құрамы мен адамның психикалық жағдайы арасындағы байланысты анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Мазасыздық, депрессия немесе жарақаттан кейінгі стресстік бұзылыс белгілері бар адамдарда психикалық сау адамдарға қарағанда микробиома басқаша болады. Зерттеу Translational Psychiatry журналында жарияланған.
"Микробиома, яғни организмде өмір сүретін микроорганизмдердің жиынтығы ұзақ уақыт психикалық денсаулыққа әсер ететін фактор болып саналды. Ішек микробиомасы мен ми арасындағы байланыс жақсы зерттелгенімен, ауыз қуысының микробиомасы ғалымдардың назарынан тыс қалды", – деп жазады басылым.
Зерттеуге 470 адам қатысты. Ғалымдар олардың микробиомасының құрамын анықтап, оны психикалық деректерімен салыстыру үшін РНҚ секвенциясы арқылы олардың сілекейіне талдау жасады.
"Депрессия және стресстік бұзылысы бар адамдарда Prevotella histicola бактериялары көбірек, бұл ауыз қуысының қабынуымен және өмір сапасының төмендеуімен байланысты. Бойын мазасыздық билеген адамдарда ауыз қуысы мен жүрек-қан тамырлары денсаулығына қажет Neisseria elongata бактериялары тапшы болады. Салдарынан гингивит пен периодонтит өршиді", – деп бөлісті мамандар.
Мамандар серотонин өндіруге қажет амин қышқылы – триптофанның метаболизмі арқылы қызыл иектің денсаулығы мен психикалық денсаулық арасындағы ортақ биологиялық байланысты тапты. Психикалық бұзылулары мен қызыл иек аурулары бар қатысушыларда триптофан алмасу деңгейі төмен болды, бұл көңіл-күйдің негізгі реттегіші серотонин деңгейін төмендетуі мүмкін.
"Бұл зерттеу ауыз қуысы бактериялары мен психикалық денсаулық арасындағы байланысты анықтағанымен, себеп-салдарлық механизмдер әлі дәлелденген жоқ. Біз бұл процестерді ұзақ мерзімді бақылауда зерттеп, ауыз қуысының гигиенасын жақсарту эмоционалдық әл-ауқатқа қалай әсер ететінін зерттеуіміз керек", – деді зерттеудің бірлескен авторы Стефани Малан -Мюллер.
Ауыз қуысының күтімі әдемі күлкі үшін ғана емес, сонымен қатар психикалық саулық үшін де маңызды екенін атап өтті.