Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауыр екен" деп хабарласты": Алматыда қайтыс болған сарбаздың туысы оқиғаның мән-жайын айтып берді

сарбаз

Фото: Отбасылық мұрағаттан

Әскерге барып, бір аптадан соң көз жұмған Нұрасыл Ануардың туысы жағдайдың қалай болғанын және істің бұрмаланып жатқанын айтты. Марқұм соңғы сағаттарында әкесі мен бауырларына хабарласып шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нұрасылдың туысының айтуынша, 4-інен бесіне қараған түні сарбаздың қызуы көтерілген. 

“Дәрі берген. Сағат 4:24-те жедел жәрдемге шақырту түскен. 4:47-де жедел жәрдем келген. Бірінші келгенінде дәрі салып кеткен. Екінші рет реанимациялық жедел жәрдем келген. Бірақ бала ол уақытта казармада қайтыс болып кеткен. Оған менингококцемия деп алдын ала диагноз қойды. Ол қайдан шыққан менингит? Бала 27-сі күні кетіп, 28-і күні Алматыға келді. 6 күн ішінде суық хабар келіп отыр. Денсаулығына шағымданған емес. Сап-сау бала”, – дейді Еркін.

Қазір сот-медициналық сараптама жасау үшін мәйітті сойып жатыр.

“Шекара қызметкерлері жанымда жүр. Бірақ “арыз-шағымдарыңыз бар” дейтін бір адам жоқ. Сот-медициналық сараптама аяқтала салысымен денені береді. Бүгін сағат 16:00-ге әскери ұшақ дайындап қойды. Қызылордаға ұшамыз. Ертең жаназасын шығарамыз деп отырмыз”, – дейді сарбаздың туысы.

Жақындары бірде бір органнан “арыз-шағымыңыз бар ма” деп сұраған адам болмады деп наразы. 

“Бір адам жазаға тартылуы керек. Бұл жағдай 5 қазан күні таң ата болған жағдай. Ағасы, әпкесі және әкесі бар. 4 қазан күні кешке ағасына “мына жер маған болмайды екен, ауыр екен” деп айтыпты. Ағасы денсаулығын сұрағанда ешқандай шағымы жоғын айтқан. Бұл сөздерді әпкесі мен әкесіне де айтқан. Қоштасқандай болып, бәрімен хабарласып шыққан. Бұлар баланы өлтіріп алып тұр. Менингит деген соң казарманы түгелдей карантинге жауып тастаған. Ешкіммен тілдесіп, сөйлесе алмадық”, – дейді марқұмның жақыны.

Нұрасылдың туыстары іс бұрмаланып жатыр деп санайды.

Еске салайық, 5 қазан күні Алматы облысы бойынша департаменттің медициналық қамтамасыз ету бөлімінде Шекара қызметінің қатардағы сарбазы қайтыс болған еді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті алдын ала қорытындыға сүйеніп, әскери қызметкердің өліміне менингококцемия себеп болғанын айтты. Алайда Нұрасыл Ануардың жақындары бұған сенбейді. 

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 06 Қазан, 2025 11:01
Талқылау