Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының жаңа жаттықтырушылары тағайындалды
Ауыр атлетика федерациясы Ұлттық Олимпиада, мәдениет және спорт комитеттерінің келісімімен құраманы екіге бөлу жайлы шешім қабылдады. Ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы болып Нұржан Смаханов, ал әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы болып Иван Сивохин сайланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бірінші кезекте Нұржан Дәуренбекұлы мен Иван Павловичті жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтағым келеді. Олар білікті мамандар, ұлттық құрамада жұмыс тәжірибесі бар. Ал бастысы – нәтиже!", - деді Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралинов.
Еске салайық, 2021 жылы ауыр атлет Альберт Линдер өз-өзіне қол салған болатын. Бұдан кейін марқұмның туыстары мен спортшылардың арызынан кейін тексеру жүріп, бас жаттықтырушы Бақыт Ахметов пен аға жаттықтырушы Сергей Седов қызметтерінен алынып тасталған.
2021 жылдың 6 қарашасында Мәдениет және спорт министрлігі жаттықтырушылар кеңесінің отырысында бас жаттықтырушы болып Дәурен Бекмұханбетов тағайындалғанын хабарлаған. Алайда кейін ол мәлімдеме жасап, өзінің әлі тағайындалмағанын, ал тиісті құжаттардың жоғалып кеткенін айтқан.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
