Ауылшаруашылығын дамытып, балаларды жаңа қызығушылыққа баулуда: Қостанай облысының тұрғындары жаңадан қосылған интернеттің пайдасы туралы айтты
Қостанай облысы Жітіқара ауданы Ырсай ауылының тұрғындары "Қазақтелекомның" жылдамдағы жоғары интернетінің пайдасын көруде. Бүгінде ауылдықтар желінің көмегімен кәсіптерін дөңгелетіп, балаларды жаңа қызуғышылықтарға баулуда.
Шаруа қожалығының иесі Құдайберген Бисімбаев интернет келгелі бері жұмысы жеңілдегінін айтады. Егіншілікпен айналысқаныма 30 жыл болды деген ол, жылдам ғаламтордың көмегімен құжаттардың барлығын онлайн рәсімдейтінін жеткізді.
"Егіншілік оңай шаруа емес, бұл кәсіп үлкен жауапкершілік пен білгірлікті қажет етеді. Интернеттің көмегімен мен тек құжаттарымды реттеп қана қоймай, егіншілікке байланысты жаңалықтар оқып, білімімді дамытамын. Әсіресе жер жыртуға қажетті техникалар мен түрлі минералдарды табу жеңілдеді. Бұған дейін мен тек мобильді интернетті қолданатынмын. Ол өте баяу жұмыс істейтін еді, бұған қоса, смартфонмен көптеген қызметтерге қол жеткізе алмайтын едім", – дейді Құдайберген Бисімбаев.
500-ге жуық тұрғыны бар елді мекен әкімі Валерий Кулаковтың сөзінше, интернет халықпен байланысты жаңа деңгейге көтерген. Тұрғындар әлеуметтік желі мен мессенджерлер көмегімен мәселелерін тікелей әкімнің өзіне айту мүмкіндігіне ие болған.
"Енді ауылдықтар мемлекеттік қызметтерге үйден шықпай-ақ қол жеткізе алады. Бұған дейін олар әкімдіктегі орталыққа келіп жүретін еді", – дейді ауыл басшысы Валерий Кулаков.
Жаңа қосылған интернеттің ауылға деген пайдасы мұнымен аяқталмайды. Мәселен, мектеп ұстазы Ольга Юн оқушыларды жаңа қызығушылыққа баулып жүргенін жеткізді. Айтуынша, бұған дейін мұғалім жаңа сабаққа дайындалу үшін тас жолды жағалап, мобильді интернет ұстайтын жерді іздеумен уақыт өткізуге мәжбүр болған.
"Былтыр карантин кезінде біліктілікті арттыру курстарынан өткен едім. 8 ай бойы нашар интернеттің машақатын тарттым. Күндіз телефонды терезеге іліп, түнімен орындалған тапсырмаларды жүктейтінмін. Қазір жаңа интернет өмірімді де, жұмысымыды да жеңілдетті. Видеосабақтар арқылы оригами жасаудың қыр-сырын меңгеріп, кейін мектепте оқушыларға үйретемін. Алдағы уақытта байқау өткізсем деген жоспарым бар", – дейді ұстаз.
Айта кетсек, өткен жылы "Қазақтелекомның" жобасы аясында Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 828 ауыл жоғары жылдамдықты желімен қамтамасыз етілді. Жоба ұйымдастырушылары алдағы уақытта елімізде интернетке қолжетімділігі жоқ барлық ауылда байланыс орнатпақ.
"Жыл басынан бері Боскөл, Сокол, Приреченка ауылдарының тұрғындарын интернетпен қамтамасыз еттік. Бір апта бұрын Сорочинка мен Крыловка елдімекендерінде байланыс орнаттық. Ауыл тұрғындарын жедел интернетпен қамтамасыз ету үшін аймақтағы желілерді одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз", – деді "Қазақтелеком" АҚ филиалының Солтүстік жергілікті телекоммуникация дирекциясының желілерін дамыту жөніндегі директор орынбасары.