Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында құны 2026 жылға дейін 110,6 миллиард теңге болатын 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев аймақтағы шаруалармен кездесті. Өз сөзінде министр Үкіметтің АӨК дамыту жөніндегі жұмысы туралы айтты және тауар өндірушілердің  сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ербол Қарашөкеев

Облыстағы фермерлер өздерін толғандырған 2023 жылдан бастап күшіне енетін субсидиялаудың жаңа ережелері туралы сұрақ қойды. Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев қаражат бойынша субсидиялаудың барлық бағыттары сақталатынын айтты. Олардың қатарында инвестициялық субсидиялау, несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, сақтандыру жарналарын субсидиялау мен қарыздарды кепілдендіруді сақтандыру бар. Сондай-ақ жобаға бірқатар өзгерістер енгізілген. 

"Мал шаруашылығы бойынша субсидиялаудың 5 түрін (өндірушілердің, олардың ұрығының, эмбриондарының құны, өндірушілерді жалдау, сондай-ақ жасанды ұрықтандыру жөніндегі қызметтерді) алып тастау және олардың орнына субсидиялаудың жойылған түрлері үшін өтемақы ретінде субсидиялау нормативтерінің едәуір ұлғаюымен селекциялық-асыл тұқымды жұмысты қаржыландыруды ғана қалдыру ұсынылады", – деп түсіндірді министр.

Ербол Қарашөкеев субсидия алушылар үшін кей міндеттемелерді енгізу жоспарланып отырғанын айтады. Мәселен, мұндай міндеттемелер қатарында жыл сайын өнімді өткізу көлемін кем дегенде 3%-ға өсіру, еңбек өнімділігін ұлғайту, шығарылған өнімді форвардтық келісімшарт бойынша тұрақтандыру қорларына жеткізуді қамтамасыз ету және кемінде 5 жылда бір рет инвестициялар салу бар. 

Бұдан бөлек шаруалармен кездесу барысында мал экспорты мәселесі жөнінде сөз қозғалды. Ауыл шаруашылығы министрі ведомствоаралық комиссияның қабылдаған шешімдерін түсіндірді. Ол бойынша 31 тамызда бұқашықтарды әкетуге 60 мың бас (жалпы мал басының 9%) көлемінде квота және қошқарларды әкетуге 120 мың бас (мал басының 10%) көлемінде квота белгіленген.

Ербол Қарашөкеев өз сөзінде БҚО-ның сүт-тауар фермаларын дамыту бойынша әлеуеті зор екенін айтты. Аймақта оны дамыту үшін жем-шөп базасы бар. Демек облыс өзін сүтпен толық қамтамасыз ете алады.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге жаңбырлатып суару жүйесін енгізуде қолдау көрсететін болады. Мұндай әдіс СТФ үшін шырынды жем дайындауда қажет. 

Министрдің сөзінше, 2022 жылы ауыл шаруашылығына қосымша қаражат бөлінген. Ал субсидиялаудың жалпы көлемі 451 миллиард теңгеге жетеді. Сондай-ақ "Кең дала" бағдарламасы бойынша қаржыландыру 2 есеге артып,140 миллиард теңгеге жетті. Бұдан бөлек форвардтық сатып алуға бөлінген сома 80 миллиард теңгеге жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есеге өскенін көрсетеді.Сонымен қатар несие мен лизинг бойынша сыйақының қолданыстағы мөлшерлемесі фермерлер үшін 6% болады. Ал нарықтағы мөлшерлемесі 20%. қаржының қалған бөлігі мемлекет тарапынан өтеледі.

Батыс Қазақстан облысы АӨК дамыту бойынша оң нәтиже көрсеткен. Әрі аймақта 2026 жылға дейін 44 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олардың жалпы құны 110,6 млрд теңге. Жобалардың ашылуы ауыл шаруашылығы өнімдері тапшылығының орнын толтырып, облыс базарларындағы бағаларды тұрақтандыруға жол ашады. Сонымен қатар 1300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. 

Өңірдегі іссапар аясында Ербол Қарашөкеевке егін жинау науқанының барысы таныстырылды. Аймақта барлығы 194,3 мың гектар алқап жиналған және 313,4 мың тонна астық бастырылды. Осылайша орташа өнімділік гектарына 16,1 центрге жетті.  

Сапар барысында министр облыстағы бірнеше ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралап, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне барды.

Талқылау