Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауыл баласы – алаңда!": Алматыда алғаш рет HALYK OPEN футбол турнирі өтті

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен және кәсіби скауттардың назары аясында еліміздің әр өңірінен келген жас футболшылар алаңға шықты.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 16 ауылдық команда Алматыда алғаш рет HALYK OPEN GOLDEN KIDS атты балалар турнирінде бас қосты. Бұл – Тимур Құлыбаевтың Halyk қорының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан #АуылФутбол жобасының жаңа кезеңі.


 
Турнир елдің түкпір-түкпірінен келген жас спортшыларды жинап, нағыз футбол думанына айналды: алаңдағы тартыс, трибунадағы ата-аналардың толқынысы және болашақ жұлдыздарды іздеуге арнайы келген "Қайрат" клубының кәсіби скауттарының назары – бәрі де бұл шараның ерекше маңызын айқындап тұрды.

"Басты мақсат – ауыл балаларына үлкен алаңда өздерін көрсетуге мүмкіндік беру", – дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мамбет.  
"Ауыл футболы тұйық жол емес, үлкен аренаға бастар трамплин болуы керек", – деп толықтырды ол.

Турнирге арнайы келген құрметті қонақтардың қатарында қазақ футболының аңызы – Құралбек Ордабаев пен Ваит Талғаев болды. Олар ойындарды тамашалап, жас футболшыларға қолдау көрсетті.


 
Турнир қалай өтті?

Командалар 4 топқа бөлініп, әрқайсында 4 командадан ойнады. Кейін – плей-офф, медаль үшін тартыс және ең басты – әр ойыншыға жеке назар.


 
Жоба аясында алғаш рет әр матчтағы үздік ойыншылар арнайы марапатталды. Барлығы 32 ойын өтіп, нәтижесінде 32 жеке марапат табысталды. Сондай-ақ, скауттар таңдаған 12 үздік ойыншыдан символды құрам жасақталды. Олар да Halyk қорынан бағалы сыйлықтарға ие болды.


 

"Ауыл балаларының әлеуеті зор. Бұл тек сөз жүзінде емес, олардың жанкештілігі мен көзіндегі жалыннан-ақ байқаймыз. Әр жеңісі – болашақ ұрпаққа деген мақтаныш", – деді Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.


 
Турнир қаһармандары мен жеңімпаздары

• Чемпион – "Намыс – Қызылтөбе" (Маңғыстау облысы)
• Күміс жүлде – RedSapsans (Алматы облысы)
• Қола жүлде – "Іле Сәулет" (Алматы облысы)
• Ең жас ойыншы – Сейдахмет Ахмет (2014 ж.т.)
• Турнирдің "Алтын добы" – Абзал Баймұхан

 

Ұйымдастырушылар турнир жылына екі рет өтетінін мәлімдеді. Оның мақсаты – ауыл балаларына бапкерлер мен мамандардың назарына ілігетін мүмкіндіктерді барынша көбейту.

Турнирдің мазмұны мен маңызы

Бұл турнир – 2023 жылғы қарашада Halyk қоры мен #АуылФутбол жобасы арасында жасалған меморандумның жалғасы. Құжат аясында:

● 100 ауыл командасын қолдау;
● 100 жаттықтырушыны оқыту;
● 14 өңірлік турнир мен бір республикалық финал өткізу;
● Алматы облысының құрама командасын жасақтау;
● #АуылФутболAWARDS жүлдесін тағайындау жоспарланған.
 

Halyk қоры туралы

Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры бүгінге дейін 85 миллиард теңгеден астам қаржы бөліп, 120-дан ірі жобаны іске асырды. Жобалар келесі бағыттарды қамтиды:

* білім беру,
* денсаулық сақтау,
* спортты дамыту,
* өңірлік инфрақұрылымды жетілдіру және басқа да салалар.

Ауылдағы балалар спортын қолдау – қор жұмысының басты бағыттарының бірі. 2024–2025 жылдары ауыл спортына арналған жобаларға 500 миллион теңгеге жуық қаржы қарастырылған.

STAN.KZ
Бейсенбі, 07 Тамыз, 2025 16:03
Талқылау
`