Атырауда мектеп маңында 1-сынып оқушысын көлік қағып, оқиға орнында көз жұмды

Атырауда мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелінде 1-сынып оқушысын көлік қағып кетті. Салдарынан қыз бала оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 6 сәуір күні таңертең Әл-Фараби атындағы Binom мектебінің маңында болған. Қыз бала алғашқы сабағына бара жатқан. Оны жаяу жүргіншілер өткелінде минивэн қағып кеткен. Оқушы жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмған.
Куәгерлердің сөзінше, оқиға басқа да ата-аналар мен оқушылардың көз алдында болған. Басқа зардап шеккендер бар-жоғы әзірге белгісіз.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Атыраудың полиция департаментінен мән-жайды сұрады.
“6 сәуір сағат 07:45 шамасында Атырау қаласында жаяу жүргіншіні қағу фактісі орын алды. Мәліметке сәйкес, 1974 жылы туған жүргізуші Toyota Hiace көлігімен жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан 2018 жылы туған жасөспірімді қағып кеткен. Бала оқиға орнында көз жұмды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр”, –делінген хабарламада.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе жаяу жүргіншілер өткелінде жылдамдықты төмендетіп, аса мұқият болуды сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда болған жол апатында бірнеше адам қаза тапты. Кейін апатқа кінәлі жүргізушінің Zeekr көлігін басқарғаны және жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Тергеу аясында бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, полиция департаментінің бірнеше жоғары лауазымды қызметкері қызметінен босатылды.