Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Полиция бастығының қызы Олжас Сүлейменовтің немересін қалай қағып өлтірді: Қазақстандағы тағы бір атышулы жол апатын еске түсірейік

Фото: (Ашық дереккөзден) Stan.kz коллаж

Соңғы жылдары елімізде жантүршігерлік жол апаты мен қыршыннан қиылған жастардың өлімі көбейіп жатыр. Осы тұста еске 2018 жылы жол апатында қаза тапқан белгілі жазушы Олжас Сүлейменовтың немере-жиені Ескендір Сүлейменовтің оқиғасы түседі. Оны қағып өлтірді деген Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының қызы 2 жылға сотталып, кейін мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан еді. Stan.kz тілшісі қоғамда резонанс тудырған оқиғаға шолу жасады.

“26 жастағы жігіттің өмірін қиған апат: Көлікте полиция басшысының қызы отырған”

2018 жылғы 22 маусымда Астанада жантүршігерлік жол апаты болды. Ducati Streetfighter мотоциклі Hyundai ix35 автокөлігімен соқтығысып, салдарынан мотоцикл жүргізушісі Ескендір Сүлейменов оқиға орнында көз жұмды. 

Ескендір сол кезде өзінің келе жатқан 27 жас туған күнін де атап өтпек болып жоспарлап жүрген. Қайғылы оқиға болар кезде Ескендірдің анасы Еуропада, әкесі Алматыда тұрған. Ол бір күн бұрын достарымен "Астана Опера" театрына барған. Жұма күні кешкілік досына бара жатқан жолда осындай оқыс оқиғаға тап болған.

Сотта куәгерлердің айтуынша көлік пен мотоциклдің соқтығысуынан Ескендір 12 метрге ұшып кеткен. Басы жарылып, мойны үзіліп, сол жерде көз жұмған. Ал оны қаққан көлікте Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Мұхитовтың қызы Малика Мұхитова болған.

Бұл апат қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті. Кейбірі апат кезінде Ескендірдің қатты жылдамдықпен жүргенін айтса, кейбірі керісінше, Малика Мұхитованың қарсы жолға шыққанын алға тартты.

"Ескендір жақында мотоцикл айдап үйреніп жүрген. Жаңадан үйреніп жүргендіктен, ақырын жүргізетін. Жүргізу тәжірибесін жетілдіру үшін Астанадағы байкерлер клубына да қосылды. Клуб балалары оның өлімі жайлы бірінші болып естіді", – деді Ескендірдің құрбысы.

Фото: Ашық дереккөзден

Достары келгенде Ескендірдің мотоциклімен соқтығысқан көліктегі қыз ол жерде болмапты. Достары оның көлігінің номерін суретке түсіріп үлгерген.

Алайда Hyundai ix35 көлігін жүргізген Мұхитованың сөзінше, ол апат болған күні жұмысынан үйіне қайтып бара жатқан. Жол жөнекей азық-түлік дүкеніне кіре кеткен. Бойжеткен Керей-Жәнібек хандар көшесіне бұрылу үшін көлігін Мәңгілік ел даңғылында қойып кеткен.

"Мен тоқтап, алдымен көшеде көлік бар ма, жоқ па соны қарадым. Ештеңе болмады. Содан солға бұрыла бастаған кезде оң жағымнан қара нәрсе жыпылықтап өтіп, көлікке соғылды. Сасқалақтап қалдым, бұл сәт тіпті жадымнан шығып кетті. Бұның қалай болғаны есімде жоқ. Көліктің қалай айналып кеткенін де түсінбедім. Көліктен түскенде асфальтта жатқан жігітті көрдім. Мен ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң шеткі сол жолақтан солға қарай бұрылғанмын”, – деп жауап берді Малика Мұхитова.

Осы уақытта куәгерлер Ескендір Сүлейменовке қарай жүгіріп, жедел жәрдем шақырды. Ал, бойжеткен жедел жәрдем мен полицияны күтіп, сосын Қызылорда облысының ішкі істер басқармасында басшы болып істейтін әкесіне хабарласқан. Сондай-ақ ол көлікті жүргізу кезінде телефон мен басқа заттарды пайдаланбағанын айтты. Оның үстіне бойжеткен 2012 жылдан бері көлік жүргізіп келеді екен. Айтуынша, көлікті айдаған кезде көзінде линза болған екен. Өйткені оның көру деңгейі минус 4,5.

“Ескендір Сүлейменов кім?”

Ескендір Сүлейменов – танымал жазушы, қоғам белсендісі Олжас Сүлейменовтің жиені. Кенже қызы Ләйлә Сұлейменованың ұлы. Ескендір отбасында әпкесі мен қарындасының арасындағы ортаншы, жалғыз ұл болған. Немере жиендерінің арасындағы жалғыз ұл болғандықтан атасы Олжас Сүлейменов оған өз тегін берген.

Ескендір мектепті Италияда бітірген. Екі жоғары оқу орнын да сол елден тәмәмдаған. Ағылшын, француз, итальян және орыс тілін жетік білген. Астанаға қайғылы оқиғадан бір жыл бұрын (2017 жылы) келіп, мансап құрмақ болған.

Достарының айтуынша Ескендір өте мейірімді адам болған.

“Ол мен білетін ең керемет жандардың бірі еді. Ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін, спортқа әуес болды. Мейірімді, салмақты еді. Үйсіз жануарларды үйіне әкеп, қарап жүретін”, – деді жақын құрбысы.

Олжас Сүлейменовтың 26 жастағы немересінің қазасы туралы не белгіліФото: Ашық дереккөзден 

Ескендір Қазақстанға келген соң елордадағы компаниялардың бірінде активтер департаментінің маманы қызметін атқарған. Оның әріптестері жігіттің де шығармашылыққа жақын екенін алға тартты. Айтуынша, ол өнерді жақсы түйсініп, поэзияны сүйген. Тіпті өлең жазып жүрген. 

Сонымен қатар Ескендір сол жылы сүйіктісіне сөз салып, қыркүйек айында үйленуге дайындалып жүрген. Сүйіктісі Алуа Бекқожаның айтуынша, Ескендір ойына алған ісін атқармайынша тыныштық таппайтын жан болған. Ал мотоциклмен жүру оның бала күнгі арманы екен.

"Ол мен сүйген адам еді. Өлерінен жарты сағат бұрын ғана смс жазыстық. Менің соңғы хатымды оқыған жоқ", – деді Алуа.

Бойжеткеннің айтуынша Ескендір бір сәттік көңіл көтеру үшін мотоциклмен ұша жөнелетін адам емес. Оған әлдене себеп болған.

“14 миллионнан аса өтемақы: Ескендірдің ата-анасы неден көңілі қалды”

Сотта Мәлика Мұхитова жәбірленуші тараптан кешірім сұрады. Алайда Ескендірдің әкесі қыздың сотта кінәлі өзі емес, жігіт деп көрсеткісі келгенін байқап, көңілі түскен. Апат орнында түсірілген видеода Мұхитованың көлігі мотоциклге жол бермей, тіпті қарсы бағытқа қарамаған.

“Бейнебақылау камераларының жазбаларына қарағанда, Ескендір жол қиылысын шамамен 80% өтіп қойған кезде, кенеттен айыпталушының көлігі шығып, оның жолын жауып қалған”, – деді марқұмның әкесі Сергей-Хан.

Сонымен қатар ол қыздың отбасы Ескендір Сүлейменовтің жеке басына қатысты ақпарат үшін Франция мен Италияға сұрау жолдағанын алға тартты. Айтуынша, сонымен қатар айыпталушы тарап Олжас Сүлейменов туралы өмірбаяндық мәліметтерін журналистердің назарын тағы да аудару үшін пайдаланған. 

"Біз айыпталушы тарапынан ешқандай өкініш, жанашырлық немесе шынайылық көрмедік. Оның көзінен тек өзіне және ата-анасына деген қорқынышты, қатаң жаза мен бас бостандығынан айырылудан қорқатынын ғана байқадық. Ішінде жазадан құтылып кетемін деген үміт бар сияқты. Себебі сот барысында қорғаушы тарап тергеу кезінде анықталған деректердің бәрін күмәнға келтіруге тырысып жатыр. Сондықтан әзірге бізде Мұхитоваға жанашырлық танытуға негіз жоқ", – деді марқұмның әкесі сот кезінде.

Ескендірдің анасы Лейла Сүлейменова сарапшылар мотоциклдің жылдамдығын сағатына 43 пен 88 шақырым аралығында болғанын анықтағанын айтты. Алайда сотта адвокат Омбыдан келген бір маманның қорытындысына сүйеніп, Ескендірдің жылдамдығы 116 шақырымға дейін жеткенін алға тартқан. Бұл анасының наразылығын туғызды. 

Марқұмның туыстары өтемақы ретінде айыпталушы тараптан 14 миллион 800 мың теңге талап еткен еді. Алайда айтуларынша, олар әу бастан өтемақы өндіріп алуды көздемеген. Марқұмның анасының сөзінше, олар өтемақы талап етуге мәжбүр болған. Себебі сот марқұмның туыстарына сотталушы Мәлика Мұхитовадан материалдық шығын талап етуді міндеттепті. Ал олар талап еткен 14 миллион 800 мың теңге шамасындағы ақша марқұмның мотоциклі, оны жерлеу рәсімі, берілген асқа және қорғаушы жалдауға жұмсалған шығын екен. Алайда сот бұл ақпаратты жоққа шығарып, ешкімге өтемақы төлеу міндеттелмегенін алға тартты. Кейін Марқұм Ескендір Сүлейменовтің ата-анасы айыпталушыдан талап етілген материалдық шығын туралы талап-арызды қайтарып алып, өтемақыдан бас тартты.

“Жүргізуші куәлігін сатып алатын адамдарға кешіріммен қарауға болмайды – Олжас Сүлейменов”

Олжас Сүлейменов жиенінің қазасынан соң ауруханаға түсіп қалды. Кейін алғаш рет пікір білдірді

"Біз қайғыны жеңбейміз, қайғымен өмір сүруге мәжбүр боламыз. Бір өкінетінім, қолымда құзыретім болып тұрғанда, таныстарым арқылы оны бір елшілікке жұмысқа орналастыра алмадым. Бес тілді білетін еді. Мен елші болған шағымда Ескендір Италияда бірінші сыныпқа барған еді. Егер оны жүргізуші куәлігі сатылмайтын мемлекетке жібергенімде, немерем сол жақта бәлкім, қазір мотоцикл немесе велосипед айдап жүретін еді", – деп күрсінді Олжас Сүлейменов.

Бұған қоса, қоғам қайраткері Алматыда көлік айдауға қорқатынын жеткізді.

"Көлікті айдай алмайтынына қарамастан, жүргізуші куәлігін сатып алатын адамдарға кешіріммен қарауға болмайды. Олар осы әрекеттерімен адамдардың өмірін қияды. Біздің елде бұл бір дәстүрге айналды. Мен, мәселен, Францияға немесе Италияға сапар шеккенімде ол жақта үнемі көлік айдап жүремін. Ал Алматыда мен көлігімді мүлдем қолданбаймын. Себебі мен біздің жүргізушілер мен жолдарға сенбеймін. Тұрғындардың көлік жүргізуі – сол мемлекеттің мәдениетінің көрінісі. Демократия деген де осы. Мысалы, демократия бар елдердің азаматтары жүргізуші куәлігін сатып алмайды. Ал куәлікті сатып алып, адам өміріне балта шабатын тұрғындары бар мемлекетте демократия жоқ. Бұл менің осы уақытқа дейін ойыма түйгенім", – деді ол.

“Полиция басшысының қызы 2 жылға сотталды”

Астана полициясының мәліметінше, жол апатынан кейін жүргізуші Мухитова оқиға орнында болған және барлық бастапқы тергеу әрекеттері оның қатысуымен жүргізілген. Ол алкоголь мен есірткіге тексеріліп, ағзасында мұндай заттар табылмаған. Сол күні күдікті ретінде жауап берген. Іс бойынша жедел жәрдем қызметкерлері, куәгерлер және алғашқы келген полиция қызметкерлері де сұралды. Қылмыс ауыр емес санатқа жатқызылғандықтан, сот Мұхитоваға 601 250 теңге көлемінде кепіл түріндегі бұлтартпау шарасын қолданды.

Қоғамда қызу талқыланған оқиғаға байланысты Астанадағы Есіл аудандық соты үкім шығарды.  Сот шешіміне сәйкес, Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі (Жол қозғалысы ережелерін немесе көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу, абайсызда адамның өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша айыпталушы екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 5 жыл көлік жүргізу құқығынан айырылды. Айыпталушы Малика Мұхитова жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейтін болды. Сот төрешесі Қанат Тобағалиұлы жаза тағайындау барысында жәбірленуші тараптың қатаң жаза талап еткені ескерілгенін айтты. 

Дегенмен кейін Мәлика Мұхитова жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлға ауыстыру туралы өтініш берді. Нұр-Сұлтан қалалық сотының апелляциялық сатысы бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігін айыппұлмен алмастырып, оны бостандыққа шығарды. Бұл ретте Мұхитованың түрмеде 4 ай 27 күні қалған.

"Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес қылмыспен келтірілген залал толық өтелген не жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзушылықтар болмаған жағдайда, жазаның қалған өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл жазамен ауыстырылуы мүмкін. Аталған заң талаптары орындалды", - деді қалалық соттың баспасөз қызметінде.

Соттың мәліметінше, сотталушы жазасын өтеу барысында өзін жақсы жағынан көрсеткен. Мекеменің қоғамдық өміріне белсенді қатысқан, жұмыстан жалтармаған. 

Мәлика Мұхитова – Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Мұхитовтың қызы. Оның әкесі бұрынғы Онтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1983 жылы бастаған. Әр жылдары жедел қызметтерде басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. 

Бұл жағдайдан соң, сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов белгілі қаламгер Олжас Сүлейменовтің немересін қағып өлтіргені үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылған Малика Мұхитованың әкесі қызметінде қалатын-қалмайтыны туралы айтты. Министрдің сөзінше, Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы Қайрат Мұхитовтың жұмысына қатысты шағым жоқ.

"Біз Конституцияға сәйкес қандай шағым айта аламыз? Ол (ред. Малика Мұхитов) – ересек адам, 29 жаста, бөлек тұрады. Заңбұзушылық жасады. Енді біз оның барлық туысын жауапқа тартуымыз керек пе? Менің ойымша, бұл сұрақ дұрыс емес", – деді Қасымов.

STAN.KZ
Сейсенбі, 31 Наурыз, 2026 15:24