Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Адам өлтіріп, бала зорлағаны үшін сотталған қазақстандық бостандыққа шықпақ

Фото: shutterstock.com

Ату жазасына кесілген қазақстандық бостандыққа шықпақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) мәліметінше, ер адам абақтыда 24 жыл жазасын өтеген. 

Сотталушы кәлеметке толмаған жасөсіпірмді зорлағаны және кісі өлтіру баптары бойынша сотталған. Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін ол өлім жазасы – ату жазасына кесілген. Алайда жоғарғы соттың шешімімен бұл үкім 25 жыл бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған.

"Ер адам отбасылық жағдайына байланысты әскери бөлімнен берілген 10 күндік демалыс кезінде досымен бірге бірнеше ауыр қылмыс жасаған. Демалыс мерзімі біткенде ол қайтып оралмауды шешкен. Үнемі мас күйде жүріп, қылмысы күн сайын тереңдеп, кәмелетке толмағандарды зорлаудан бастап кісі өлтіруге дейін барған", – делінген Ақмола облыстық ҚАЖД хабарламасында.

Психикалық-медициналық сараптама ер адамның ақыл-есі дұрыс деген қорытынды шығарды. Туыстары сотталушыдан 24 жыл бұрын бас тартқан. Осы уақыт аралығында одан бірде-бір хат та, қоңырау да болмаған.

Бостандыққа шығу мерзімі жақындаған кезде ҚАЖ қызметкерлері ер адамның мінез-құлқынан өзгерістер байқаған. Психологпен әңгімелесу барысында сотталушы жаңа, өзі үшін беймәлім дүниеде қалай өмір сүретінін білмейтінін айтқан. Өйткені ол қазіргі өмір туралы ештеңе білмейді, 2001 жылдан бері абақтыда. Бостандықта оны ешкім күтіп отырған жоқ. Жуырда ол мекемеден шыққысы келмейтінін мәлімдеген.

"Келесі жылы сотталушының бостандыққа шығу мерзімі келеді, біз оны қазірден бастап дайындап жатырмыз. Баратын жері жоқ", – дейді сотталғандар арасындағы тәрбиелік және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Жанат Қожин.

Оның айтуынша, әлеуметтік бейімдеу орталықтары ер адамды қабылдау туралы өтінішке оң жауап берген. Қажет құжаттар болған жағдайда бостандыққа шыққан азамат ол жерде бір жыл бойы тұра алады.

"Біздің міндетіміз – тек жазаны орындату ғана емес, сонымен қатар мерзімін өтеп шыққан адамның лайық өмір сүруіне мүмкіндік жасау. Әсіресе өзімен-өзі жалғыз қалғандарға қолдау көрсету аса маңызды. Біз адамның қолына тек құжат пен баспана беріп қана қоймай, сонымен бірге өзіне деген сенімін және қоғамның оны қайта қабылдауға дайын екеніне сенімін нығайтуға ұмтыламыз", – дейді Жанат Қожин.

Еске салсақ, бұған дейін Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталған Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов рақымшылықпен бостандыққа шығатыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 18:43