Президент АЭС салуға қатысты референдум қашан өтетінін айтты
Тоқаев ел арасында талқыланып жүрген АЭС салу жөніндегі референдумның қашан өтетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
“Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – "Халық үніне құлақ асатын мемлекетке" тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз", – дейді мемлекет басшысы.
Президент атом электр станциясы туралы референдум секілді маңызды шешімдер жұртпен бірлесіп жасалуға тиіс екенін атап өтті.
“Референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын”, – деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылаулар өтті. Талқылау соңы қақтығыс пен дауға ұласты. АЭС салу керек деген топ Қазақстанда энергия тапшылығы барған сайын ушыға беретінін және бұған балама бола алатын тұрақты энергия көзі, жел мен Күн энергиясы өндіретін қуат тұрақсыз екенін айтты.