Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраулық оқушылар бір жыл бойы төбесі құлаған мектепте оқып шыққан

Атыраулық шенеуніктер бір жылы бойына төбесіндегі гипс қаптамалары құлаған мектепті жөндемеген. Осылайша оқушылар төбесі құлаған мектепте оқып шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қаладағы №30 мектеп-гимназиясының төбесіндегі гипс қаптамалары өткен жылы құлап қалған болатын. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мыңнан аса оқушы қашықтықтан оқуға көшірілді. Алайда қоғамдық резонанстан кейін оқушыларды мектепке кері қайтарды.

Осы оқиғадан соң бірнеше ай өтсе де, құлаған гипс қаптамалары сол күйі тұр. Тіпті орнына ешқандай жұмыстар жүргізілмеген. "Ел намысы" республикалық мониторингтік тобының төрағасы Рафаэль Гасановтың айтуынша, мектеп әкімшілігі мен білім басқармасы оқушылардың басын қатерге тігіп отыр.

“Бұл мәселе туралы журналистер жазса да, ешқандай шара қолданылмаған. Тіпті құлаған гипс қаптамаларының орны қоршауға алынбаған да. Оқушылардың басына құлап кетсе, кім жауап береді? Білім басқармасы жұмыс істемейді, – дейді Рафаэль Гасанов.

Мектеп директоры Гүлфия Есқайырованың айтуынша, жөндеу жұмыстарының құжаттары дайын.

“Жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Қаржы мәселесі шешіліп жатыр. Балалар жазғы демалысқа шыққан кезде жөндеу жұмыстары жүргізіледі”, – дейді Есқайырова.

Ал әзірше мектеп оқушылары қауіпті мектепте оқуға мәжбүр. Алда әлі жазғы емтихандар бар екенін еске сала кеткен жөн.

Талқылау