Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырауда ерекше балаларды ұрып-соққан оңалту орталығының маманына қатысты сот үкімі шықты

Атырауда үш баланы ұрған оңалту орталығының маманы 4 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Атырау қаласы №2 сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сотта балаларды оңалту орталығының маманына қатысты қылмыстық іс қаралған.

Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтары бойынша айып тағылған.

"Балаларды оңалту орталығының маманы К-ның міндетіне 45 минутта ерекше балаларды дағдыларға үйрету, мінез-құлығын оңалту кірген. Ол балалар орталығының арнайы кабинетінде кәмелетке толмағандармен жеке сабақ өткізу кезінде кәмелетке толмаған К, Б, А-ға ұдайы ұрып-соғу немесе күш қолдану әрекеті арқылы тән зардабын және психикалық зиян келтірген. Сотталушы К-ның кінәсі жәбірленушілердің заңды өкілдерінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбалармен, іс бойынша басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденді", – делінген сот хабарламасында.

Прокурор күдіктіге 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынған.

Кәмелетке толмаған жәбірленушілердің заңды өкілдері сотталушыдан моральдық залал өндіруді сұраған.

"Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Оның адвокаты К-ның әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігі бойынша (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) қайта дәрежелеуді сұрады. Жаза тағайындау кезінде К-ның бұрын сотты болмағаны, асырауында кәмелетке толмаған баласының бары ескерілді. Сот К-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармақтарымен кінәлі деп танып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады", – делінген хабарламада.

Сотталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 6 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау