Атырауда белгісіз біреулер полиция айыптұрағынан көлік ұрлап кеткен
Атырауда полицияның айыптұрағынан көлік ұрланды. Ұрылар темір тұлпарды тал-түсте кәдімгі манипулятормен тиеп әкетіпті. Ол көлігін жоғалтқан азамат шағымданғанда ғана анықталған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
(Көлігін ұрлатқан отбасы)
Шағымданушы Серікбаевтар отбасының сөзінше, Атырау облысындағы құзырлы органдар қылмысты ашуға құлықсыз. Олар ақпан айында көліктерін "Хом авто инвест" компаниясына тапсырған. Алайда бір ай өтпей ломбард жабылып отбасы не ақшасыз, не көліксіз қалған. Бірақ бір күні қала көшесінен белгісіз біреудің көліктерін мініп жүргенін көріп полиция шақырған. Тәртіп сақшылары көлікті еш құжатсыз, тіпті мемлекеттік нөмірін ауыстырып, емін-еркін мініп жүргенін анықтаған. Осылайша полиция көлікті айып тұрағына апарып қойған. Ал бір күні көлік иелері машиналарын қарап кетуге келгенде үшті-күйлі жоқ болып шықты.
"Не полиция, не тергеуші білмейді. Көлікті тапа тал түсте манипулятормен көтеріп алып кеткен. Оны мойындады", - дейді Бибінұр Избаева.
Көп ұзамай полицейлер автотұрақтан көлікті тиеп әкеткендерді ұстапты. Бірақ Бибінұр Избаеваның сөзінше, машинаның сау-тамтығы қалмаған. Қазір ол қалалық полицияның ауласында тұр екен. Сот болғанша, көлікті ауламызға апарып қояйық дегенде бермеген полицейлер, көліктің жоғалғанынан да хабарсыз дейді олар.
"Облыстық прокуратураға, қалалық прокуратураға арыз жаздық. Барлығы полицияға сілтейді. Біз ол көлікті жолдасым екеуміздің еңбегімізге, несиеге алдық. біздің үш баламыз бар. Қазір несиеміздің төлеу уақыты өтіп кетті. Жұмысымыз жоқ", - дейді Избаева.
Көлік ұрланғаннан кейін айып тұрағын күзететін компания ауысып кетіпті. Ал полиция қылмыстық іс жүріп жатыр дейді.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық кодекстің 188 бабы ұрлық бойынша жүргізілуде. Қылмысқа күдіктілер қамауда", - дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Гүлназира Мұхтарова.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
