Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау полициясы Құлсары қаласының экс-әкіміне қатысты іс қозғады

Атырау полициясы Құлсары қаласының бұрынғы әкіміне қатысты тергеуді бастады. Қазір Қаржау Шарғабаевтың жүрген жерін анықтау іс-шарасы атқарылып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

"Бүгін, 20 мамырда Атырау қаласындағы "Көктем" шағын ауданында белгісіз адамдар өзін Құлсары қаласының бұрынғы әкімі Қаржау Шарғабаев деп таныстырған азаматты полиэтилен орамадағы ақ түсті ұнтақпен ұстап алғаны туралы видео таратты. Видео авторы ақ ұнтақтың есірткі заты екенін айтады. Аталған дерекке қатысты Атырау қалалық полиция басқармасының №2 бөлімі ҚР Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігімен тергеу амалдарын бастады. Қазір Жылыой ауданының 41 жастағы тұрғыны Қаржау Шарғабаевтың жүрген жерін анықтау үшін арнайы іс-шара жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Кейін Facebook желісінде Қаржау Шарғабевтың 19 мамыр күні Томарлы ауылында белгісіз 7-8 адамның өзін ұрып-соғып, телефонын тартып алып, қорқытып видеоға түсіргені туралы бейнеүндеуі жарияланды.

"Бұл дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексі 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен тергеу басталды", – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске салсақ, Әлеуметтік желілерде Атырау облысы Құлсары қаласының бұрынғы әкімі Қаржау Шарғабаевтың есірткі сатумен айналысатыны түсірілген видео қызу талқыға түскен болатын. 

Талқылау