Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау облысының әкімі перзентханадағы сұмдық жағдай туралы: Сәби өлімі – біз үшін трагедия

Атырау облысының әкімі облыстық перинаталдық орталықтағы сәби өліміне қатысты пікір білдірді. Журналистер сауалына жауап бере келіп, Нұрлан Ноғаев тергеудің аяқталуын күтуді, ақ-қарасы анықталғанша ой түйіндеуге асығыстық танытпауды өтінді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырау облысының әкімі перзентханадағы сұмдық жағдай туралы: Сәби өлімі – біз үшін трагедия

«Ресми органдар пікірлерін білдірді. Қазір тергеу шаралары жүргізілуде. Солардың аяқталуын күту керек. Министр өз пікірін білдірді, вице- премьер де келді. Тергеу қорытындылары шықпай тұрып, біз баға бере алмаймыз. 

Бұл мәселенің барлық түйіткілін мұқият тексеру керек. Біріншіден, тергеу ғана барлық сауалдардың жауабын таба алады. Дүниеге келген сәбилердің 80% -ына жуығы оңалту бөліміне түседі, салмағы өте аз, күні жетпеген. Бұл бағыттағы жұмысымыздың бүге-шүгесіне дейін тоқталмай-ақ қояйын. Айтайын дегенім, сәби өлімі проблемасы мен ана мен бала күтімі басты назарда болмақ. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Егер өткен жылғы көрсеткіштерді биылғымен салыстыратын болсақ, төмендеу байқалады»,- деді облыс әкімі. 

Ноғаевтың сөзінше, әлдебір себептермен тамыз айында қайтадан сәби өлімі өршіп кеткен. Тамызда 26, қыркүйекте 17 сәби шетінеген. Өз сөзінде өңір басшысы тиісті шаралардың қолға алынатынын айтты.

«Босанатын 75 әйелді қалалық перзентхана мен өзге де ауруханаларға көшірдік. Бұл кеңесті арнайы комиссия тергеу барысында берген болатын. Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы, өзге де органдардың топтары қызмет атқаруда. Жүйелі жұмыс жүруде. Ана мен бала өмірі - баға жетпес байлығымыз, сәби өлімі – біз үшін трагедия!» - деді Ноғаев.

Сонымен қатар Ноғаев облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының жауапкершілігі туралы журналистердің сауалына жауап берді.

«Басқарма басшысы өз өтінішімен қызметінен кету жөнінде арыз жазды, қазір мәселе қаралу үстінде»,- деді өңір басшысы.

Айта кетейік, 2019 жылы өңірге 123 дәрігер келіп, оның ішінде 54 маман перзентхана мен өзге де балалар ұйымдарына жіберілді. Оның ішінде 12 маман облыстық перинаталды орталыққа жіберілген болатын. 

Облыс әкімі резидентураға 48 грант, оның ішінде, 27 грант перзентханалар мен балалар ұйымдарына бөлді. Бұл гранттардың 56%-ын құрайды.

Талқылау