Атырау облысында Каспий жағалауындағы қамыс өрті бес күннен соң өшірілді
Атырау облысында “Ақжайық” резевартындағы қамыс өрті 5 күннен соң сөндірілді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Аймақтық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жалын 6 сәуірде сағат 21:30-да толық сөндірілген.
"Қазақстан ғарыш сапары" космомониторингінің қорытындысына сәйкес Каспий жағалауындағы өрттің жалпы ауданы 1 200 гектарға жеткен.
"Каспий жағалауындағы батпақты, сулы жерде 2 сәуірде қамыс өрті тұтанды. Бұл – Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтағы аумақ. Жалыннан флора мен фауна зардап шеккен жоқ. Өйткені құстардың ұя салу кезеңі әлі басталмаған", – делінген ТЖД хабарламасында.
Қамыс өртін сөндіруге ТЖД 42 қызметкері мен 7 техника, "Ақжайық" мемлекеттік табиғи резерватынан 30 адам, 9 бірлік техника, 2 қайық пен 4 мотопомпа жұмылдырылды.
Сонымен қатар "Қазавиақұтқару" АҚ-ның МИ-8 тікұшағынан СТҚ-5 құрылғысымен 260 тоннаға жуық су төгілген.
Айта кетейік, бұған дейін Каспий жағалауындағы қамыс өртінен соң Атырау қаласын қалың түтін басқаны туралы хабарлаған едік.