"Атын айтқым келмейді": Зайытов сайлаудан кейін Қосановқа көзқарасының қалай өзгергені туралы
Ринат Зайытов митинг кезінде өзін ұстап әкеткен полицейлерге неге қарсылық көрсетпегенін түсіндірді. Сондай-ақ, ол бүгінде Әміржан Қосановқа деген көзқарасының қандай екенін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Қамшы сұхбат» бағдарламасына сілтеме жасап.
«Ол жерде біреулердің қолыма жабысып алғанын көрдіңіз. «Мен Ринатты ешкімге бермеймін» деп мен үшін жанын беріп тұр. Егер ол жерде мен қандай да бір әрекетке барсам, ана жердегі халықтың барлығы қарсылық білдіретін еді. Ол неге әкеліп соғады? Ақыр аяғы қантөгіске алып келеді», - деді айтыскер ақын.
Сондай-ақ, ол жиынның рұқсатсыз өткізілгенін мойындады. Яғни полицейлерге қарсылық көрсетпеуінің бірден бір себебі осы.
«Біріншіден, біз ол жиынға рұқсат сұраған жоқпыз. Себебі ол аяқ астынан болды. Неліктен олай болғаны да белгілі. Қосанов деп айта берейін. Атын айтқым келмейді. Соған сеніп қалардың алдында тікелей эфирде маған бір кісілер «Ринат, егер сен де алданып қалсаң не істейсің?» деп сұрады. Мен «Алдыларыңызға шығып, тізерлеп тұрып кешірім сұраймын» дедім. Ер азамат айтқан нәрсесін істеуі тиіс», - деді ол.
Сондай-ақ, Ринат Зайытов өз әрекетінің заңға қайшы екенін білгенін жасырмады. Яғни полицейлердің ұстап әкетуіне іштей дайын болған екен.
«Ол жерде бізде заңсыздық барын білдік. Биліктің 15 күнге дейін қамап, айыппұл салуға хақысы бар. Сол себепті ол жерде қарсылық көрсетіп, бірнәрсе дәлелдейтін ешнәрсесі жоқ. Келді, алып кетті. Иә, біз оған іштей дайын болдық», - деді Ринат Зайытов.
Естеріңізге сала кетсек, 10 маусым күні полицейлердің Ринат Зайытовты ұстап әкеткені белгілі болды. Кейін ол видео арқылы халықтан тарауды өтінді.
Ринат Зайытов өзінің саяси партиясын құра ма? Ақынның өзі жауап берді (видео)