Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атауы ауыстырыла ма? Қазақстанда және әлемде тағы қандай нысандарға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген

2 қыркүйекте "Жаңа Қазақстан" депутаттар тобы Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды ұсынған еді. Көп ұзамай бұл ұсынысты Мәжіліс депутаттары да мақұлдады. Бүгінде Назарбаевтың есімі тек ғимараттар мен саябақтарға ғана емес, кен орны, минералдар мен орден, қор мен кітапханаға да берілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Назарбаев

Сурет: Яндекс. Дзен

2019 жылы 23 наурызда Астана атауы ресми Нұр-Сұлтан болып өзгертілді. Дегенмен бұған дейін 2010 жылы Алматыда Тұңғыш президент атындағы үлкен саябақ ашылды. Ал қазір елордаға бұрынғы атауын қайтару туралы мәселе күннің басты тақырыбына айналды. Келешекте тағы қандай нысанның атауы өзгеруі мүмкін?

әуежай

Әуежай

2017 жылы Астана қаласындағы "Астана" әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Бұл туралы қаулы 21 маусымда жарияланды. Ал қаулыға 20 маусымда сол кездегі премьер-министр Бақытжан Сағынтаев қол қойды. 

2020 жылдың 6 сәуірінде Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайдың үш әріптен тұратын коды TSE-ден NQZ болып өзгертілді. Бұл өзгеріс ресми түрде сол жылдың 8 маусымынан бастап қолданылды.

Әуежай кодын ауыстыру туралы келіссөздер 2017 жылдан бастап жүргізілген. Мәліметке сәйкес, бастапқы нұсқалар ішінде NIA (Nazarbayev International Airport), NNA (Nursultan Nazarbayev Airport) немесе NAN болған. Алайда кодтардың басым бөлігі бос болмаған.

Үш әріптен тұратын код әуе билеттерінде, жүк биркасында, ақпарат тақтасында қолданылады.  

Назарбаев университеті

Университет

Нұр-Сұлтан қаласында қазір Назарбаев университеті жұмыс істеп тұр. Оқу орны Тұңғыш президенттің бастамасымен ашылды, ал 2010 жылдан бастап алғашқы студенттерін қабылдады. 

Жоғарғы оқу орнына Назарбаевтың есімі үкімет қаулысына сәйкес 2010 жылдың 7 маусымында берілді. Сол жылы 22 желтоқсанда Мәжіліс "Назарбаев университетінің" мәртебесі туралы заң жобасын мақұлдады. 

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы атындағы Ұлттық Қорғаныс университеті де бар. Оқу орнының негізі 1997 жылы қаланған. Ал Назарбаевтың есімі ресми түрде 2018 жылдың 25 қаңтарында берілді. 

Бұған дейін Қазнетте жоғарғы оқу орнының атауы өзгереді деген ақпарат тараған. Мәліметте оқу орнының атауы "Қазақ ұлттық репетиторлық және эмиграйия университеті" деп ауысатыны жайлы айтылған. 

Көп ұзамай Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметті жоққа шығарды. 

"Бұл – фейк. Хабарлама шындыққа жанаспайды", – делінген ведомство хабарламасында. 

НИШ

Мектептер

Назарбаев зияткерлік мектептерін ашу туралы бастаманы 2008 жылы Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. Ал 2011 жылдың 19 қаңтарында мектептің мәртебесі жайлы заң жобасы қабылданды. Бұл құжат оқыту бағдарламасын, қабылдау экзаментерінің талаптарын өз бетінше нақтылауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда республика бойынша 16 Назарбаев зияткерлік мектебі бар. 

орталық

Мәдени орталық пен кітапхана

"Назарбаев орталығы" көп салалы ғылыми—сараптамалық мекемесі Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2012 жылдың 23 қаңтарында құрылған. Негізгі мақсаты – мемлекет тарихын зерттеу бойынша белсенді және ортақ ақпарат кеңістігін құру және Тұңғыш президенттің тарихи мұрасын қолдау. 

Тұңғыш президент кітапханасы "Назарбаев орталығының" жанында 2014 жылы ашылды. Кітапхананың жеке қорында Нұрсұлтан Әбішұлының кітаптары мен авторлық шығармалары бар. 

Мұражай

Назарбаевқа арналған экспозициялар, жеке залдар елдегі барлық мұражайларда бар десе болады. Бұдан бөлек Тұңғыш президент қызмет мансабын бастаған Теміртау қаласында тарихи-мәдени орталық бар. Ал дүниеге келген Шамалған ауылында жеке мұражай ашылған. 

Көшелер

Қазақстанның тұңғыш президентінің есімі оннан аса көшеге берілген. Мәселен, Назарбаевтың құрметіне аталған Түркиядағы Адана, Невшехир, Қыршехир мен Гебзе қалаларында төрт даңғыл бар. Сонымен қатар Ресейдің Қазан, Грозный, Магас, Иорданиядағы Амман қалаларында да Назарбаевтың есімі берілген көшелер бар. 

Ал Қазақстанда Алматы, Ақтау, Шымкент, Түркістан, Орал мен Петропавл, Павлодар қалаларында көшелер Назарбаевтың құрметіне аталған.

Ескерткіштер

2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев астанада Назарбаевқа арнап ескерткіш орнатуды да ұсынды. Дегенмен бұған дейін Қазақстанда және шет елдерде Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше ескерткіші қойылған еді. Мысалы, мүсіндер Нұр-Сұлтанда, Алматы мен Үшқоңыр ауылында бар. Ал Талдықорған қаласындағы ескерткіш Қаңтар оқиғасы кезінде бұзылып тасталған. 

Сонымен қатар Назарбаевқа арналған ескерткіштер Молдавияның Гагаузии және Комрате қалаларында, Қырғызстандағы Шолпан-Атада, Түркияның Анкара қаласында қойылған. 

саябақ

Саябақтар мен алаңдар

Алматы орналасқан Тұңғыш президент атындағы саябақ 2010 жылдың шілдесінде ашылды. Саябақты құру жұмыстары 2001 жылы басталған. Сол жылы Назарбаев бұл жерде емен ағашын отырғызды. Жалпы аумағы 61 гектар

Назарбаевтың есімі берілген ең үлкен саябақ Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Аумағы 83 гектар. Ресми ашылуы 2007 жылы өткен. Қайта құру жұмыстары тек 2021 жылы аяқталды. 

Сондай-ақ Тұңғыш президент саябақтары Ақтөбе, Қызылорда, Тараз бен Талдықорған қалаларында да бар. Ал Оралда Назарбаевтың есімі алаңға берілді

шың

Шың

1998 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Іле Алатауы мен Тянь-Шянь сілемінің солтүстігінде орналасқан шыңдардың біріне берілді. Биіктігі – 4 376 метр. 

Шың 1935 жылға дейін "Кіші Алматы", кейін "Комсомол" деп аталып келген. 

Гүл 

2004 жылы Назарбаевтың құрметіне голландиялық қызғалдақтардың сортына есімі берілді. Ал 2016 жылы жапониялық бақытгүлге (хризантема) Нұрсұлтан есімі берілген. 

Минерал

2011 жылы Сәтпаев атындағы геологиялық ғылым институтының зерттеушілері жаңа минерал ашып, оны Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай "Нұрназен" деп атаған. 

Қор

2000 жылы Назарбаевтың жеке бастамасымен Нұрсұлтан Назарбаев қоры құрылды. Сайтындағы мәліметке сәйкес, қор бүгнігі таңда адам капиталының бәсекелесу қабілетін арттыруға және қазақстандық жаңа ұрпақтың қалыптасуына бағытталған Елбасы идеяларын жүзеге асыруда.

Орден

Тұңғыш президенттің есімі орденге де берілген. Марапат “Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ордені” деп аталады. Орденнің жұлдызы мен белгісі 750 сынамадағы алтыннан құйылған.

Мұнай кен орны

Ақтаудан 75 шақырым жерде, Каспий теңізінде Нұрсұлтан кен орны бар. Жалпы ауданы – 8 100 шаршы шақырым. Аталмыш кен орны “Н” жобасының құрамына енгізілген.

Талқылау