Мемлекет жинақтағы ақшаны қайтарып алады: "Келешек" бағдарламасы бойынша ата-аналар шотты толықтырмаған жағдайда не болады?
"Келешек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша баласының жоғары білім алуына ақша жинағысы келетін ата-аналар шотқа жылына кемінде 12 АЕК (44 304 теңге) салуға міндетті. Әйтпесе мемлекет ақшасы Қазақстан бюджетіне қайтарылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоғары білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов бағдарлама бойынша баласын оқытқысы келетіндер тым болмаса жыл сайын ақша салып тұруы керек дейді.
"Келешек жүйесінде мемлекет сыйлықақысын және бастапқы жарнаны (60 АЕК) ұстап тұру үшін ата-аналар есепшотты міндетті түрде жыл сайын кемінде 12 АЕК-ке толтыруы керек. Бұл талап орындалмаса, мемлекет шотынан аударылған барлық қаражат мемлекетке қайтарылады. Осылайша келісімшарт бұзылады", – деді Ешенқұлов.
"Келешек" мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанда әлі жұмыс істей қойған жоқ. Ол туралы заң жобасы әлі мәжілісте қаралып жатыр.
Заң қабылданса, мемлекет әрбір бес жастағы қазақстандыққа есепшот ашып, оған 60 АЕК (221 520 теңге) салады. Ата-аналар өз қалауы бойынша шотты толтыра алады. Бағдарламада 5-7 пайыз көлемінде мемлекеттік сыйлықақы мен инвестициялық кіріс қарастырылған. Ең аз жарнамен, мысалы, айына 1 АЕК (3 692 теңге) көлемінде азамат кәмелет жасқа толғанға дейін оның шотында 3 миллион теңгеден астам қаражат қалады.
Мемлекеттік бағдарлама заңға қол қойылған кезде бес жасқа толған балаларға ғана қатысты болады. Мемлекет одан үлкен балаларға шот ашпайды. Бес жастан асқан балалар "Келешек" бағдарламасы бойынша бастапқы капиталды ала алмайды.
Жоғары білім алу үшін қажет соманы жинақтау үшін орта есеппен 13 жыл қажет.
"Келешек" бағдарламасы аясында баланың арнайы шотына мемлекет 60 (221,5 мың теңге) немесе 120 АЕК (443 мың теңге) аударады. Сома балалардың ата-анасы бар-жоғына байланысты.
Ақша 5 жылдан кейін көбейеді, 5-7% жылдық мемлекеттік сыйлықақы мен инвестициялық кіріс жүреді.
Бұған дейін қазақстандықтар "Келешек" жүйесі арқылы балаларының оқуына қаржы жинай алатыны айтылды.