Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ата-аналар ақшаларын қайтаруды талап етеді: Атырауда ақылы лицей жабылып, дау шықты

Атырауда жекеменшік мектепке ұл-қыздарын берген ата-аналар шу шығарды. Жарнамасы жер жарған лицей лицензиясыз жұмыс істегені үшін жабылып тынған. Ал оқу ақысын бір жылға төлеп қойған азаматтар ақшасын қайтара алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Желіде атыраулық мектептің жарнамасы тарады. Айтуынша, таңертең білім ошағына кірген ұл-қыздар кешкі алтыда шығады. Осы уақыт аралығында түрлі үйірмелерге қатысады, шет тілін үйренеді, тамақ ішеді, үй тапсырмасын орындайды. Жарнамасына қызыққан ата-аналар балаларын осы білім ордасына беріп, бір жылдық оқу ақысын төлеп тастаған.

“Жарнамасына сеніп келдік. Ұстаздары тәжірибеміз бар деді. Жылдық ақшасын төледік. Келісімшарт жасадық. Көп нәрсені уәде етті. Қаңтарда балаларымыздың сабақ оқымай жатқандарын білдік. Бес-алты мұғалім жұмыстан да шығып кеткен. Бізге айтпады. Балалар үйге келгенде сабақ болмады деп айтты”, – деді Атырау қаласының тұрғыны Назира Ерсайын.

Ата-аналардың айтуынша, оқу орны екі ай бұрын жұмысын тоқтатқан. Енді тұрғындар қаражатын қайтара алмай жүр. Тұрғындар әр балаға 700 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін төлеп қойыпты. Алғашында лицей басшылығы жеңілдік жасап, клиент жинаған көрінеді.

“1 миллион маусымда, тағы 1 миллион тамызда екі баламның оқуына төледім. Қазанда операторлар телефон соға бастады, тағы балаларға ақша төлесеңіз, 700 мың жеңілдік бар деп айтты. Ақшамызды қайтарсын деп талап етеміз. Кейінгі кездері сабаққа барды дегені болмаса, олар білім алған жоқ”, – деді атыраулық Қайрат Әленов. 

2024 жылы қыркүйекте ашылған жекеменшік мектеп 200-ден аса баланы қабылдаған. Ал жауапты департаменттің өкілдері кәсіпкердің лицензиясыз жұмыс істегенін айтады. Сондықтан білім ошағының жұмысы тоқтатылыпты.

Мемлекеттік лицензиясыз оқу орталығымен айналысуға болмайды. Бұл мектеп бір рет болсын лицензияға өтініш түсірген жоқ. Біздің департамент лицензиясыз жұмыс істеп жатқандарын анықтап, іс материалдарын жинақтап, мамандандырылған әкімшілік сотқа жолдады. Мектеппен жасалған шартқа сәйкес, ата-аналар Азаматтық кодекс бойынша сотқа жүгіне алады”, – деді Атырау облысы білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердікбек Таишев.

Мектеп басшылығы ата-аналардың ақшасы толық қайтарылады деп жазбаша жауап қайтарған. Полиция "Алаяқтық" бабы бойынша тергеуді бастады.

Талқылау