"Ер-тоқымды бос байлады": Астаналық қыз атпен шауып бара жатып нұсқаушының салғырттығынан оңбай жарақат алғанын айтты
Фото: Тhreads.com/@dianakaini
Диана есімді желі қолданушысы Астанадағы “zhorga_horses” дейтін атпен серуендейтін жерге барып, оңбай құлап жарақат алған. Ол атқа ер-тоқымды дұрыс бекітпеген нұқсаушының салғырттығынан жапа шектім деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қыз атпен шауып келе жатып құлаған. Оған қауіпсіздік шаралары туралы айтпаған.
“Шауып келе жатып, zhorga_horses деген жерде аттан құлап қалдым. Бұған нұсқаушының ер-тоқымды дұрыс бекітпеуі себеп болды. Біз шауып келе жатқанда (мен ер-тоқымнан ұстап отырғанмын), нұсқаушы атты жіппен жетектеп келе жатты. Сол сәтте ер-тоқымның бауы ағытылып кетті. Бір сәтте ер-тоқым бір жағына қарай сырғып, мен жерге құлап, бірнеше рет аунап барып тоқтадым. Адам төзгісіз ауырсынуды сезіндім, көз жасымды тыя алмай, жалынып, жедел жәрдем шақыруын сұрадым. Нұсқаушы менің көлігімді алып келу үшін атпен шауып кетті. Мен шамамен 15 минуттай айдалада жалғыз жаттым”, – дейді Диана.
Кейін нұсқаушы көлікті мініп келіп, қызды ауруханаға жеткізген. Ауруханаға қыздың ата-анасы келгенде нұсқаушы кетіп қалған.
“Ауруханада дәрігерлер маған қолым сынғанын, көз шарасы зақымданғанын, миым шайқалып, бетім жансызданып қалғанын айтты. Анам осы мекеменің иесі Аянға қоңырау шалғанда, ол “Не болыпты? Сотқа беріңіздер” деп жауап беріп, дөрекі әрі орынсыз сөйлеген. Өз кінәсін мойындамай “атқа отыруды білмесе неге отырды?” деп мені кінәлі етпек. Шын мәнінде мәселе ер-тоқымда еді. Ертоқым неге ағытылып кетті. Маған ауыр тигені – кәсіпті жүргізіп отырған адамдар өздерінің кесірінен зардап шеккендерге осынша немқұрайлы қарауы”, – деп жазды жәбірленуші.
Фото: Тhreads.com/@dianakaini
Осы сұрақтармен мекеменің әкімшілігіне жазған. Әкімшілік қыздың жағдайы туралы басшылыққа жеткізетінін, бірақ науқастың жағдайын сұрауға міндетті емес екенін айтқан. Желі қолданушысы аталған мекемеге бармауға кеңес берді.
Фото: Тhreads.com/@dianakaini
Алайда мекеме жәбірленушінің қызметкердің салғырттығының кесірінен зардап шеккенін жоққа шығарды.
“Сол күні бірнеше нұқсаушы болды және олар ер-тоқымды өздері байлап, бекітілгенін тексерді. Айта кету керек, қыз құлағанға дейін де, кейін де ер-тоқым аттың үстінде қалды. Оны дәлелдейтін сурет бар. Клиент ер-тоқымның кесірінен емес, шоқыраққа салып шапқаны үшін құлады. Бізде мұндайға тыйым салынған және баннердегі қауіпсіздік шараларында да көрсетілген. Біз бұл туралы әр клиентке ескертеміз. Клиент оны ескермегендіктен құлап қалды”, – деп жазды мекеме әкімшілігі.
Сондай-ақ олар қыздың анасымен сөйлесіп, дәрігердің қорытындысымен танысқан. Онда жұмсақ тіннің жарақаты деп жазылғанын айтады. Алайда жәбірленуші мұны мекеменің айласы деп отыр.
Фото: Іnstagram.com/zhorga_horses
“Мен дәрігердің қорытындысын жібердім, бірақ олар “көз шарасы сынып, жылжып кеткен” деген тұстарын қиып тастап, “жұмсақ тіндердің жарақаты” дегенді ғана көрсеткен. Қайдағы бейнежазба? Олар оны да ұсынған жоқ, әлде далада камера ілініп тұрып, ердің ат үстінде тұрғаны түсірілген бе? Мен құлағанда ер-тоқымда ұшып кетіп, менің жаныма құлады. Ешқандай техника қауіпсіздігімен таныстырған жоқ, ештеңеге қол қойдырмады, каска да бермеді, нұсқаулық та жасалмады. Мен бірінші рет мініп тұрған жоқпын, тәжірибем бар. Бірақ дәл осы жолы ердің ағытылып кеткендіктен аттан құладым. Бүкіл клубта жалғыз ғана инструктор болды”, – дейді жәбірленуші.

Қаржылық жағдайы нашарлаған қазақстандықтар алимент төлеуден босатылады: Әділет министрлігі өзгерістерді түсіндірді
