Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық полицияның өз Lamborghini көлігін тәркілеп, кейін айырбастап жібергенін айтты

Фото: Шамильдің желідегі парақшасынан

Әлеуметтік желіде астаналық Шамиль өзіне тиесілі Lamborghini Gallardo көлігінің заңсыз тәркіленгенін айтып, шағымданды. Оның айтуынша, былтыр 16 қыркүйекте Астана қаласы полиция департаментінің тергеушісі көлікті "Mardan" тұрғын үй кешеніне қатысты резонансты іс аясында алып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шамиль былтыр 23 қаңтарда Астанаға ұшып келгенін айтады. Көліктің ақшасы жеңгесінің есепшотында болғандықтан, банк арқылы ірі соманы алдын ала шешіп алуға тапсырыс берілген. Барлығы жоспар бойынша басталғанымен, дәл осы сапар кейін оның Lamborghini көлігіне қатысты күтпеген жағдайлардың басталуына себеп болған.

"Біз ағамның үйінің ауласында сатушымен және оның көмекшісімен кездестік. Көлік үшін ақшаны қолма-қол төрт куәгердің көзінше тапсырдым. Ағам, жеңгем, досым және сатушының көмекшісі. Сол сәтте-ақ Kaspi арқылы көлікті қайта рәсімдеуге өтініш бердік. Сатып алу кезінде көлікке ешқандай шектеу қойылмаған, іздеуде болмаған және ешқандай қылмыстық іске қатысы болмаған. Алайда көлікті сатып алғаннан кейін шамамен 7 айдан соң, 16 қыркүйек күні сағат 23:00 шамасында маған Астана қаласы Полиция департаментінің тергеушісі қоңырау шалды. Көлік "Mardan" тұрғын үй кешеніне қатысты іс бойынша тәркіленетінін айтты", – дейді Шамиль.

Шамиль көлікті сот қаулысының талаптарын өрескел бұза отырып алып кеткенін, ал оның көшірмесін оған көрсетпегенін атап өтті.

"Кейін күдіктінің ағасы маған Астана қаласы полиция департаментінің тергеушісі арқылы "мәселені шешуді" ұсынды. Тергеушінің өзі "көлігіңді қайтарып алғың келсе, бауырым арқылы шеш" деп айтты. Яғни бізде тергеушінің көлікті кімге қайтаратынын күдіктінің туыстары шешетіндей әсер қалдырады. Тергеуші істі объективті жүргізіп жатыр деу қиын. Ол мені де, менің төрт куәгерімді де жауапқа тартпаған. Сондай-ақ көліктердің айырбасталғанын және көліктің іске қатысы жоқ екенін дәлелдейтін үш сатып алу-сату шартын да ескермеген. Бұрынғы иесінің жалған көрсетулеріне де ешқандай реакция білдірмей отыр", – дейді Шамиль.

29 қазанда сатушы Lamborghini көлігін сатып алушының атына қайта рәсімдеген дейді Шамиль. Ер адам көлікті заңсыз және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану арқылы жасалды деп есептейді. Шамильдің сөзінше, сол сәтте сатып алушы сатушының атына Bentley Continental GT және Chevrolet Express көліктерін қайта рәсімдеген.

"Мемлекеттік тіркеу деректері жылжымайтын мүлік емес, көлік құралдарының өзара айырбасталғанын растайды. Соған қарамастан, бұрынғы иесі мүлде басқа нұсқаны айтып отыр. Уәкілетті органдарға бірнеше рет өтініш жолдадым. Алайда жауап ретінде шағымдарым істі жүргізіп отырған сол тергеушінің өзіне қарауға жіберілгені туралы формалды жауаптар ғана алдым. Яғни мен шағымданған адамның өзі өз әрекетін тексеруі керек болып отыр. Осы іс бойынша 300-ден астам отбасы зардап шеккен, сондай-ақ 60-тан астам адам көлікті адал сатып алушылар қатарында. Егер қоғамдағы резонансты азайту үшін көліктер жаппай бұрынғы иелеріне қайтарылса, онда заңды сатып алушылар не істеуі керек?" – деп жазды астаналық ер адам.

Шамиль істің объективті тексерілуін, заңдылықтың сақталуын және меншік құқығымның қорғалуын талап етіп жатыр.

Осы ретте Астана полиция департаменті аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"Қылмыстық қудалау органының өтінішхаты негізінде соттың санкциясымен автокөлікке тыйым салынып, қазіргі уақытта ол арнайы тұраққа қойылған. Өтініште келтірілген уәждер толық көлемде тексерілетін болады", – деп жауап берді полиция редакция сауалына.

Айта кетейік, былтыр жазда Астанадағы Mardan тұрғын үй кешеніне қатысты ірі алаяқтық ісі бойынша қылмыстық тергеу жүргізілгенін жазған едік. Тергеу мәліметінше, Asyl-Nur Qurylys компаниясы тиісті рұқсат құжаттарынсыз пәтерлерді сатып, азаматтармен брондау шарттарын жасаған. Салдарынан 300-ден астам адам құрылыс аяқталмай қалған пәтерлерге ақша төлеп, шамамен 4 миллиард теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Сот шешімімен тұрғын үй кешенін бұзу туралы үкім шығарылған. Қазір компания басшыларының бірі қамауға алынған, ал екіншісі іздеуде.

STAN.KZ
Жұма, 13 Наурыз, 2026 18:01