Астанада тұрғын үйге табиғи газ құбырын тартудың бағасы белгіленді
Астанада тұрғын үйге көгілдір отын құбырын қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары 97 000 – 103 000 теңге аралығында деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Тұтынушыларға табиғи газ құбырын қосу кезінде құрылыс-монтаждау қызметтері нарығында қызмет көрсететін субъектілердің монополияға қарсы комплаенсі сыртқы актісі келісілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 97 000 – 103 000 теңге аралығында (25-30 метр бойынша негізделген)", – делінген Қалалық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің хабарламасында.
Көрсетілген сомаға жобалық-сметалық және атқарушылық-техникалық құжаттама, құрылыс-монтаждау жұмыстары мен материалдық шығын кіреді.
Монополияға қарсы комплаенс – бәсекелестік туралы заңнаманың бұзылуын болдырмау жөніндегі шаралар жүйесі. Нарық субъектілері үшін монополияға қарсы комплаенс жүйесін енгізудің басты артықшылығы жоғары айыппұлдармен және жағымсыз салдарлармен байланысты бәсекелестік заңнамасын бұзу тәуекелдерін барынша азайту.
"Монополияға қарсы келісімге қол қою арқылы құрылыс нарығының кәсіпкерлері нарықтық экономика мен адал бәсекелестік қағидаттарын сақтауға, құрылыс-монтаждау қызметтері құнының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауға міндетті", – делінген хабарламада.