Астанада тұрғын үй қасбетінің құлауы: Ауыр жарақат алған фельдшер көз жұмды

Фото: Әділет Зейнелдің жеке архивінен
Астанада тұрғын үй ғимаратының қасбеті құлаған кезде өзгелерге көмектесемін деп өзі ауыр жарақат алған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астананың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлауынша, 8 қарашада үстіне кондиционер құлап, ауыр жарақат алған Ұлдана 18 қарашада көз жұмды.
Ұлдана бес жыл бойы фельдшер болып жұмыс істеген. Туыстары оны мамандығын өзгертуге көндіргісі келген. Бірақ ол сүйікті ісінен бас тарта алмаған. Сонымен қатар ол небәрі бірнеше апта бұрын тұрмысқа шыққан еді.
"Егер ол мені қазір естіп тұрса, мен оған сағынғанымды және қатты жақсы көретінімді айтқым келеді", – деді күйеуі.
Астананың бас емхана басшысы Алия Рустемова Ұлдананың өлімін растап, көңіл айтты.
"Өте қапалы түрде хабарлаймын, 18 қарашада біздің әріптесіміз, фельдшер Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Ол кәсіби міндетін атқара отырып, тұрғын үй кешенінің сыртындағы кірпіш қаптау құлап, жарақат алған. Ұлдана зардап шеккендерге көмек көрсетпек болып, өзі қираған заттардың астында қалып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
8 қарашадан бері дәрігерлер оның өмірі үшін күресті, бар күшін салды. Бірақ, өкінішке қарай, жарақаты өте ауыр болды. Бұл – біздің медициналық ұжым үшін орны толмас шығын. Ол өз ісіне адал, батыл, мейірімді, нағыз кәсіби маман болды. Соңғы сәтке дейін адамдарға көмектесті. Өз атымнан және барлық ұжым атынан, медициналық қауымдастықтан оның отбасы мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Сіздердің қайғыларыңызға ортақпыз. Біз әріптесімізді әрдайым есте сақтаймыз", – деді ол.
Еске салсақ, Астанада ғимараттың сыртқы қабырғасы құлап, адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алғаны туралы хабарлаған едік. Кейін фельдшердің күйеуі кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етті.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр