Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада сумен жабдықтау және су бұру тарифтері өзгермек

Фото: shutterstock

Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті "Астана су арнасы" ШЖҚ МКК-ның 2026–2030 жылдарға арналған магистральдық құбырлар және таратушы желілер арқылы ауыз су беру, суды бұру және тазарту, сондай-ақ техникалық су беру қызметтері бойынша тариф пен тарифтік сметаны бекіту жөніндегі өтінімдері бойынша ашық тыңдау өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Қазіргі уақытта "Ауыз су" қызметі бойынша қолданыстағы орташа тариф ҚҚС-сыз бір текше метрге 158 теңге мөлшерінде. 2026 жылы ол 68 теңгеге немесе 43%-ға өсуі жоспарланып отыр. "Суды бұру және тазарту" қызметі бойынша орташа тариф 174 теңге, өсім 77 теңге немесе 44% болады деп болжануда. Техникалық су бойынша тариф 53 теңге, ол 7 теңгеге немесе 12%-ға өседі деп күтілуде. 2027 жылдан 2030 жылға дейін тарифтердің жыл сайынғы өсуі инфляция шамамен 11% өсімі шегінде болмақ", — деді "Астана су арнасы" МКК жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы Назира Смаилова өз баяндамасында.

Спикердің айтуынша, ауыз су бойынша халық үшін қолданыстағы тариф 94 теңге/м³, жоспарланған өсім 41 теңге немесе 43%; жылу энергиясын жеткізуші ұйымдар үшін — 258 теңге/м³, өсім 110 теңге немесе 43%; бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғалар үшін — 358 теңге/м³, өсім 145 теңге немесе 41% болатынын айтты.

Суды бұру және тазарту қызметі бойынша халық үшін қолданыстағы тариф 102 теңге/м³, өсім 43 теңге немесе 44%; жылу ұйымдары үшін — 311 теңге/м³, өсім 137 теңге немесе 44%; бюджеттік ұйымдар мен заңды тұлғалар үшін — 300 теңге/м³, өсім 162 теңге немесе 43% болады.

Назира Смаилованың айтуынша, Астана қаласы су тарифі бойынша ел бойынша 11-орында, ал суды бұру тарифі бойынша — 4-орында тұр.

Оның айтуынша, тарифтердің өсуінің негізгі факторларының бірі еңбекақы қоры, оның тарифке ықпалы 19% деңгейінде.

Басқа факторларға — материалдық шығындардың өсуі, негізгі құралдардың көбеюі, тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы, электр энергиясы тарифтерінің артуы, салықтар мен басқа да бюджетке төлемдер, сондай-ақ мердігер ұйымдардың қызметтері және басқа да шығындар жатады.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 21 Қазан, 2025 16:30
Талқылау