Астанада өткен форумға барған әйел көзінен айырылып қала жаздады
Фото: @gissaliyeva
Гүлжайнат есімді Астана тұрғыны Тәуелсіздік сарайында өткен Kazenergy форумында көзінен жарақат алғанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйелдің айтуынша, оқиға 2 қазан күні болған, ол көрмені аралап келе жатып кенеттен Alageum Electrics компаниясының 3D-голограммасының айналмалы қалақшасына соқтығысқан.
“Мен “Alageum Electrics” компаниясының қоршалмаған 3D-голограммасынан көзімді жарақат алдым. Мені жедел жәрдеммен алып кетті, дәрігерлер қабақтың жыртылғанын және көз асты қан құйылуын анықтап, тігіс салды. Күтпеген соққыдан сезінген ауырсынуды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Егер қоршау немесе ескерту белгілері орнатылған болса, мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді”, – деп жазды Гүлжайнат.
Жәбірленушінің айтуынша, 6 қазан күні компанияның заңгері онымен байланысып, кеңсеге келуді ұсынған. Алайда ол бұл ұсыныстан бас тартып, кездесуді бейтарап жерде өткізуді сұрапты.
“Неге мен мұндай жағдайда олардың кеңсесіне баруым керек, түсінбеймін. Сол күні, 6 қазанда, мен компанияның атына ресми жазбаша шағым жібердім. Бүгінге дейін ешқандай жауап келген жоқ. Мен жағдайды сотқа жеткізбей шешкім келген еді, бірақ, көріп тұрғандарыңыздай, оларға бәрібір сияқты. Енді әділдікке жету үшін сотқа жүгінуге тура келеді”, – дейді әйел.
Әйелдің айтуынша, көзіне жарақат салған құрылғының қалақшалары мүлде көрінбейді, мұндай 3D-голограммалардың ерекшелігі де осында.
“Қазірге дейін ем қабылдап жүрмін, себебі көзім толық қалпына келген жоқ, ал қабағымда тыртық қалды. Егер тәжірибелі заңгерлер болса немесе сотта осындай жағдаймен бетпе-бет келген болсаңыздар, кеңес пен ұсыныстарыңыз үшін алғыс білдіремін”, – деп жазды әйел.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүріп мойнына шеге қадап алғаны туралы жазған едік.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
