Астанада мүгедек жанның махаббатын баяндайтын қойылымның премьерасы өтті
Астана қаласының Жастар театрында актер, режиссер Дәурен Серғазиннің “Іздеп таптым сені…” қойылымының премьерасы өтті. Қойылым жастардың әлеуметтік желі, телефон арқылы танысып табысуы, адамдардың мүмкіндігі шектеулі жандарға деген көзқарасы сынды мәселелерді көтерген.
Аталған премьераға STAN.KZ сайтының тілшісі барып қайтқан болатын.
Қалың көрерменге “Қара шаңырақ”, “”Алдар көсе”, “Жау жүрек мың бала”, “А-ға оралу” көркем фильмдері арқылы таныс Дәурен Серғазиннің театр актеры екенін бірі білсе, бірі білмейді. Бүгінде өнер иесі тек театр актеры ғана емес, сонымен қатар режиссерлық қызметті де қатар алып жүр. Күні кеше ол Жастар театрының сахнасына Т. Миңнулиннің “Іздеп таптым сені…” драммасын алып шықты.
Сахнада тыныштық. Тек әдемі әуеннің үні естіледі. Қыз бен жігіт билеп жүр. Алайда, бұл екеуінің қиялы ғана…
Соғыстан қос бірдей аяғынан айырылып оралған 27 жастағы жігіт. Оның мүгедек халінен бейхабар бойжеткен. Екеуі телефон арқылы танысып, бірін-бірі сүйіп қалады. Дегенмен, бірін-бірі көрмей, тек даусын естіп қана ғашық болуға бола ма? Махаббат атты ұлы сезімді кез келгеннің басынан өткергісі келері хақ. Сүюге, сүйікті болуға әркімнің хақысы бар. Бірақ, мүгедек арбасына таңылған жанның өз теңін табуға қаншалықты мүмкіндігі бар?
Қойылым осы сынды бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көтерген. Біріншісі, жастардың әлеуметтік желі, телефон арқылы танысып, табысуы болса, екінші мәселе, мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарас. Оларға деген қоғамның қатынасын дөп басқан.
“Қазіргі адамдар қатыгез болып кеткен. Адамдардың мүгедек жандарға көзқарасы өзгерген. Сахнадағы инфографикалық бейнелер керемет берілген. Көрерменге ой саларлық қойылым деп ойлаймын”, – дейді театр көрермені Ахат Азтаев STAN.KZ сайтының тілшісіне берген сұхбатында.
Спектакльдің кейбір тұстары көрерменнің жүзіне күлкі үйірсе, екінші жағынан жүрекке мұң ұялатады. Қойылымда тағдырдың сынына түскен адам өмірінің қаншалықты ауыр екендігі, соған қарамастан ол азаматтардың өмірге деген махаббаты, құлшынысы көрініс тапқан.