Астанада лифтте балаға пышақпен шабуыл жасаған 14 жастағы жасөспірімді қандай жаза күтіп тұр
Астана полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Заңнама бойынша жасөпірімді 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Астана полиция департаменті
Мәліметтерге сенсек, Астанадағы Нұра ауданы полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Бұл бап "Денсаулыққа зиян келтіруге арнайы бейімделген заттарды қолдану арқылы жасалған бұзақылық" үшін жауапкершілікті қарастырады.
Аталған бап бойынша 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Егер бұзақылық атыс қаруын, газ қаруын, пышақ, кастет және басқа да суық қаруды немесе денсаулыққа зиян келтіруге арнайы бейімделген заттарды қолдану арқылы жасалса, сондай-ақ қылмыстық топпен ұйымдастырылса, онда кінәлілер 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады", – деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Астана лифтінде балаға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімнің ісі бойынша қызметтік тергеу жалғасып жатқанын айтты. Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, психикалық ауруы бар балалардың қамқоршылары оларды үнемі бақылауда ұстауға міндетті. Сондай-ақ Нұрлыбаев осындай диагнозы бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды стигматизациялаудан сақтауды сұрады.
Еске салайық, бұған дейін 11 ақпанда Қазақстан халқын дүр сілкіндірген оқиға болды. Жасөспірім Астанадағы тұрғын үйдің лифтінде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасады. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Оқиғадан кейін бала ауыр халде №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер зардап шеккен баланы ота жасап құтқарып қалды. Қазіргі жағдайы тұрақты деп бағаланды. Кейін Астана қаласы полиция департаменті күдікті жасөспірімнің ұсталған сәтінің видеосын жариялады.