Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада автобус апатынан екі аяғынан айырылған қыздың отбасына 19,6 миллион теңге төленді

Фото: gov.kz және Іnstagram.com/help.aluabeken

Астанада автобус апатынан кейін екі аяғын ампутациялауға тура келген 7 жасар Алуа Бекеннің отбасына 19,6 миллион теңге көлемінде сақтандыру төлемі төленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Балақайдың туыстарына жолаушыларды тасымалдау кезіндегі жауапкершілікті міндетті сақтандыру аясында 19,6 миллион теңге көлемінде төлем аударылды. Автопарк "Евразия" сақтандыру компаниясында сақтандырылған.

"Жол апатынан зардап шеккен бала ұзақ уақыт емделіп, оңалудан өтіп, кейін протез салдыруы қажет екенін ескере отырып, қосымша шығындарды жедел өтеу үшін, қажет құжаттар топтамасы (соның ішінде мүгедектік туралы анықтама) толығымен ұсынылғанға дейін, заң аясында сақтандыру төлемін толық көлемде төлеу туралы шешім қабылданды", — деп мәлімдеді компания өкілдері.



Заңға сәйкес, егер жол апатынан кейін балаға мүгедектік тағайындалса, 5 000 АЕК мөлшерінде, яғни 19 660 000 теңге төленуге тиіс.

Еске салсақ, Астанада жолаушылар автобусы апатқа ұшыраған еді. Салдарынан 8 жасар қыздың аяғын кесуге тура келді. Автопарк автобус апатынан екі аяғынан айырылған қыздың жағдайын өмір бойы қамтамасыз етуге уәде етіп, кейін бұл ойынан бас тартты.

STAN.KZ
Жұма, 13 Маусым, 2025 14:54
Талқылау