Астана мен Алматы көшелеріндегі ақылы тұрақтар жойылады
Видеодан скрин
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Астана мен Алматы көшелеріндегі ақылы тұрақтар алынып тасталатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, Құрылыс кодексі жобасы бойынша жұмыс тобы оның ұсынысын қолдаған.
“Құрылыс кодексі жобасы бойынша жұмыс тобы менің түзетуімді қолдады. Яғни, Жер кодексінің 109-бабына енгізілген өзгеріс арқылы Астана мен Алматы көшелеріндегі ақылы тұрақтарды алып тастаймыз. Алматыда олигархтар фирма-прокладка құрып, халықтан тұрақ ақысы арқылы ақша жинағанын бәрі біледі. Қаланың бюджеті миллиардтаған теңгеден айырылды, кінәлілер сотталды, бірақ жүйе тоқтаған жоқ,Алматыда да, Астанада да жалғаса берді. Халық төлеп жатқанда, біреулер сол ақшамен байып отырды”, - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Депутат Астана мен Алматыдағы ақылы тұрақтар қызмет емес, таза схема болғанын айтады.
“Инвестиция жоқ, инфрақұрылымға өзгеріс жоқ, тәртіп жоқ. Тек күмәнді жолмен тұрақтарды иемденгендердің қалтасына құйылған миллиардтар ғана болды. Біз бұл жүйеге нүкте қоямыз.Дағдарыс кезінде халықтың есебінен баю қоғамға қарсы қылмыс. Әділдік қалпына келуі керек. Біз өте маңызды шешім қабылдадық. Енді дүйсенбі күні салалық комитеттің соңғы шешімін күтеміз. Әділетсіз ақылы тұрақ жүйесі толық жойылады деп сенемін”, - деп аяқтады сөзін депутат.
"Әсіресе аяғы ауыр әйелдер мен балаларға өте қауіпті": "Гонконг" тұмауын кәдімгі тұмаудан қалай ажыратуға болады