Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Астана” ФК алты жылда 50 млрд теңге алған, бірақ әлі база қалыптастырмаған – Антикор

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Астана" футбол клубы алты жылда 50 миллиард теңге алғанымен, әлі күнге дейін өз базасын қалыптастырмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: "Астана” ФК

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов "Астана" футбол клубын қаржыландыруға қатысты өз ұстанымын білдірді. Оның айтуынша, соңғы алты жылда клубқа 50 миллиард теңгеге жуық қаржы түскен, оның негізгі бөлігі "Самұрық-Қазына" қорынан бөлінген.

"Астана" футбол клубына келетін болсақ. Соңғы алты жылда талдау жүргізгенімізде, оларға 50 миллиардқа жуық теңге бөлінген. Біріншіден, бұл "Самұрық-Қазына" қорынан бөлінген негізгі қаражат. Талдау жүргізу барысында бұл қаражаттың 60-70 пайызы легионерлердің жалақысына кеткені анықталды. Бір екі, үш маусым ойнаған шетелдік футболшыларға қомақты ақша бөлінген. Қазір мұндай футболшылар жоқ. Бірақ үлкен көлемде қаражат бөлініп жатыр. Біз барлығын бақылап отырмыз. Соңғы уақыттары футбол клубының рейтингі төмендеп барады", – деді Сарқұлов.


"Челси" футбол клубының ойыншылары Алматыға келді


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының орынбасары "Астана” клубында толыққанды инфрақұрылымның жоқтығына да назар аударды. Оның айтуынша, клубта кәсіби команда деңгейіне сай келетін футбол базасы жоқ.

"Мұндай қаражаттың бөлінуі қаншалықты орынды деген үлкен сұрақ туындайды. Бұл ретте, "Астана" футбол клубының нақты инфрақұрылымы жоқ, кәдімгі, толыққанды кәсіби футбол клубы сияқты футбол базасына ие емес", – деді Сарқұлов.

Еске салсақ, осыған дейін Антикор өкілі Данияр Бигайдаровтың сөзінше, 2018 және 2023 жылдар аралығында футбол клубтарына бюджеттен 200 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін айтқан еді.

Талқылау