Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астана әкімінің халыққа есеп беруі бар болғаны 30 минутқа созылды

Астаналық үлескерлердің әкімдіктен үміті үзілді. Бүгін тұрғындар алдында есеп берген Әділбек Жақсыбеков: «алаяқ құрылыс компанияларына алданып қалған салымшылар мәселесін сот арқылы шешсін», – деді. Елорда басшысы арзан баға ұсынып, жұрттың бар ақшасын жинап алатын жалған компаниялардан сақ болуға талай рет ескерткенін айтып ашуланып отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

efefecbf93f698eb041d46a1514

Сурет info-tses.kz

Жылда Астанада әкім елді жинап есеп беретін Конгесс-Холлдың алдында биыл «орын жетпей қалды» деп шулап жүрген ешкім жоқ. Өйткені, қала басшысының баяндамасын тыңдауға келгендердің көбі мемлекеттік қызметкерлер мен шенеуніктер. Арасындағы аз-кем тұрғындардың жылдағыдай Жақсыбековке сұрақ қоямын деп микрофонға таласуына да мүмкіндік болмады. Себебі биыл бірінші рет Елорда басшысы көптің көзінше мәселе шешуден бас тартты. Әкім тек баяндамасынан кейін санаулы адамды жеке қабылдады.

Ал, тұрғындардың басым бөлігін кіре берісте департамент басшылары тыңдауда. Көпшілікті негізінен баспана мәселесі мазалайды.

“Мүгедек қызым бар. Оның атында да кезекте үй бар. Бірақ жылжымайды. Немерелерім бар. Сол балалардың да үйлері жоқ. Солардың жағдайын жасауға, үй берсе деп келдім әкімге”, – дейді қала тұрғыны Шәпия Ибарева.

Ал әкім бұл жолы есебін ұзақ созбай, жарты сағатта бас қаладағы басты мәселелерді баяндап шықты. Жақсыбеков бірден үлескерлердің жағдайын қозғады. Қала басшысы ешкімді зорлап, жиған ақшаларын алаяқ құрылыс компанияларына салуға мәжбүрлеген жоқпыз деп отыр.

“Үлескерлер құрылыс компанияларын өздері таңдаған. Олар жалған жарнама мен арзан бағаға қызықты. Сөйтіп, бар жиған қаржысынан айырылыр отыр. Талай ескерттік. Енді мәселені сот арқылы шешудің орнына әкімдікке қарай ағылуда”, – дейді қала әкімі Әділбек Жақсыбеков.

Елордада жүздеген адамның қаржысын жинап алып, баспанасыз далада қалдырған 19 компания бар екен. Қара тізімді «Азбука жилья» бастап тұр. Бұл мекеме 10 тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтамаған.

Сондай-ақ сауда үйлері енді сағат 10-11-лерде ашылуы мүмкін. Қоғамдық көліктерге келсек, жақында қала ішінде трамвайлар қатынайтын болады. Мамырдан бастап жолаушылар тек атышулы «Оңай» секілді электронды билетке көшеді екен. Айта кету керек, кондукторлар қысқармайды, олар кеңесші ретінде жұмыс істей береді.

Сондай-ақ, Жақсыбеков биыл балабақша мәселесін де түбегейлі шешпекші. Астанада жылына 35 мың бала кезекте тұрады екен. Әкім жеке меншік пен мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелердегі қызмет құнын теңестіруді де қарастырып жатқанын айтты. Жақсыбеков медициналық жедел жәрдем сапасын да арттырмақ. Ол үшін жаңа 40 көлік сатып алыпты. Және қосымша станциялар ашылады.

Талқылау