Алыпсатарлар "Астана"-"Челси" ойынына билеттерді жарты бағасына сатқан
Күні кеше Алматыдағы Орталық стадионда өткен "Астана"-"Челси" матчын көруге барған жанкүйерлер алыпсатарлардан билеттерді жарты бағасына сатып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин/Арыстан Құлбаев/Алыпсатар
"Астана"-"Челси" матчын асыға күткен жанкүйерлер Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген. Олардың бірі – “Ақ Жайық” футбол командасының бапкері оралдық Арыстан Құлтаев. Футбол жанкүйері бұл ойынды көру үшін Алматыға ұшаққа билетті сәуір айында алып қойған. Алайда матчтың билетін дәл ойын алдында сатып алған.
“Әрине, "Челсидің" жанкүйерімін. 2004 жылдан бері бақылап, тілектес болып келемін. Олардың Қазақстанға келгенін жіберіп ала алмадым. Тіпті қандай құраммен келсе де, барар едім. Таң атқалы осында жүрмін. Құрамадан кімдерді көреді екенмін деген толқыныс бар. Билетті 75 мың теңгеге сатып алдым. Әрине, қымбат. Бірақ 175 мың теңге болса да, сатып алар едім”, – дейді ол.
Жанкүйерлер стадионға тек атаулы билетпен ғана кіре алады. Жиналғандардың көптігі сондай, алыпсатарлар бұл жағдайдан да пайда көріп қалды. Олар стадионға кіре беріс жерде тұрып, өткен-кеткен адамдарға сайтта көрсетілген бағадан әлдеқайда арзан баға ұсынып, билет сатқан. Бірақ бұл билеттер атаулы емес және оның түпнұсқа екеніне ешкім кепілдік бере алмайды.
“Сайтта бар, біз де сатамыз. Сізге қанша билет керек? Сайтта билеттер 40, 65, 70 мың теңге тұрады. Ал біз 30,35 мыңға сатамыз. 43, 45-сектордан орын бар. Орта жағында”, – дейді алыпсатарлардың бірі.
Олар сайттан шектеулі билет санын сатып алып, қайта сататындарын мойындайды.
“Бір адамға 4 билет алуға рұқсат етілген. Билеттер түпнұсқада”, – деп сендірді олардың бірі.
Атйуынша, олар ойын болатын күні жанкүйерлерге осылайша жеңілдік жасайды екен. Бірақ мұндай билеттермен стадионға кіргізе ме, жоқ па, белгісіз.
Еске салсақ, аталмыш ойында “Астана” футбол клубы “Челсиден” 1:3 есебімен жеңілгені туралы жазған едік.