Асхат Тарғын өзін сынап, той әншісі,талғамсыз деген Тоқтар Серіковті ұялтып тастады (фото,видео)
Тарғынов шығармашылығында үлкен дүмпу! Күні кеше қазақ өнеріндегі аға буынның басын қосып, жанына іні-бауырларын жинаған Асхат су жаңа бейнебаянның тұсауын кесті.
Осы уақытқа дейін халық арасында «Чип чип» атымен танылған Тарғынов, тың туындысы арқылы өзін жаңа қырынан көрсетуді көздеген. Ал, жұлдызды кешке Stan.kz тілшісі де қатысып қайтқан болатын.
«Менің басты мақсатым «Асхат Тарғынов – той әншісі» деген түсініктен тыңдарманды арылту. Бұл менің шығармашылығымдағы жаңару деп айтса болады. Енді көбісі той әнімен танылып қалғаннан кейін, басқада дүниелерімізді көрсін деген ой болды», – дейді Асхат Тарғынов.
Иә, Асхаттың жаңашылдықты жаны қалайтынын аңғармау мүмкін емес. Әріптестеріне ақ дастархан жайған әнші, кеш шымылдығын арнайы кәсіби музыканттардан жасақталған лайф-бэндтің сүйелмелдеуімен, жанды дауыстағы шағын концертпен бастады.
Тарғыновтың тың туындысы «Атамекен» деп аталады. Көшпелі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін айна-қатесіз көрсеткен әншіге аға буын дән риза.
Мәселен, мәртебелі меймандардың бірі болған Тоқтар Серіков, күні кешеге дейін Асхаттың шығармашылығына кереғар пікір білдіріп, талай мәрте сын айтқанымен, бүгінде алғашқы ойынан айнып қалғанын айтады.
«Осыдан біраз уақыт бұрын «Чип-чип» әні туралы сұхбат бергенмін. Мұндай той әндері, ұсақ-түйек әндер сахнада шырқалмауы керек, сахнаның қадір-қасиеті қашып бара жатыр деп.
Ұғынғанынан, сезінгенінен кейін Асхаттың шынымен де мына қадамы «Чип-чиптан» кейін кәдімгідей төңкеріс әкелді. 100 пайыз өзгеру. Сөзіңді тыңдаған, берген бағаңды білген баладан айналып кетесің… Бүгін «Атамекен» клипі деген соң арнайы келдім. Қалай болар екен деп. Менің бұдан былай Асхатқа ешқандай ренішім болмайды», – дейді Тоқтар Серіков.
Ал, құрметті қонақтардың бірі Нұрлан Еспанов, Тарғыновтың жаңа клипінен кейін, болашағының бұлыңғыр болмайтынына үлкен сеніммен қарайтынын айтты.
«Асхатты бұрын «Чип-чип» деп танитын едік қой. Халыққа ұнаған әні сол ғой. Халық осы әнді қойсаң бірден билеп кетеді. Қазір тойға барып, баяу ән айтсаң өтпейсің ғой, сөздің шыны керек. Мойындау керек. Бірақ енді ол кезде Асхат ұялмаушы еді.
Қазір енді баяу, диапазоны жоғары әндер айта бастағаннан кейін, бізден кішкене ұялып, бізге ұялып көрсететін болды. Ал, мына «Атамекен» деген клипі ұнады, сапалы екені көрініп тұр. Енді қазақ эстрадасында өзіндік орынын қалыптастырады деген ойдамын», – дейді Нұрлан Еспанов.
Асхаттың әріптесі Абай Бегейде тұсаукесерге арнайы келген. Клипті көрген «Аспанға қараймын» әнінің орындаушысы, телефонындағы «Чип-чип» атауын өзгертуге бел буды.
«Асхат десе бәрі «Чип чип пе» дейді. Мысалы біздің ортамызда да, өнерде жүрген әріптестер арасында да оны «Чип чип» деп біледі. Асхат десе ешкім білмейді.
Қай Асхат деуі де мүмкін. Мысалы менің телефонымдағы контактілер тізімінде Асхат әлі күнге дейін «Чип-чип» деп сақталған. Енді мына сапалы клиптен кейін, «Чип чип» деген атауды, Асхат Тарғынов деп өзгертемін (күледі)», – дейді Абай Бегей.
Сондай-ақ, бұл кештегі құрметті қонақтардың қатарында Құдайберген Бекіш, Сәкен Майғазиев, Меруерт Түсіпбаев, Сиви Махмуди, Бейбіт Сейдуалиева, Кенжебек Жанәбілов, Талғат Жорабаев, Ерболат Төлегенов, «Заман» және «Самал» топтары да Асхаттың тың туындысымен құттықтай келген.
Оқи отырыңыз:
Салтанат Бақаева күйеуімен бірге отбасылық дуэт құрды (видео)
2 жасар қызынан жұлдыз жасамақ болған Айдананы әріптестері сынап тастады
Нұрмағанбетова: Қайырымдылықтан пайда көргісі келетін, ұйымдастырушыларды алдап кететін әншілер көп
Ерке Есмахан хит әнін түрік актерімен бірге орындайтын болды