Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әскердің әрекеті заңды": Қаңтарда оқ тиіп, көлігінде өртеніп кеткен ерлі-зайыптының ісі бойынша тергеу тоқтады

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы Республика алаңы маңында әскерилер оқ жаудырып, көлігімен бірге өртеніп кеткен ерлі-зайыпты Қуат Біткембаев пен Гүлзипа Құлсұлтанованың өліміне байланысты тергеу тоқтады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық сайтына сілтемемен.

Биткембаевтар

Ақпаратқа сүйенсек, оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы оларды атқан жауынгерлер "қызмет өкілетін асыра пайдаланбаған" деген қорытынды шығарған.

Әскери-тергеу басқармасының қаулысында "48/386 әскери бөлімі жауынгерлерінің 2022 жылғы 7 қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік, антитеррористік операция мен төтенше жағдай кезіндегі әрекеті заңды" деп жазылған.

Блокпостыда тұрған жауынгерлер тергеу кезінде "көлік ескертуге тоқтамады, оқ атуға тура келді" деп жауап берген.

Марқұмдардың ұлы Дәурен Біткембаев тергеу нәтижесіне келіспейді. Айтуынша, әкесінің бас сүйегінен тауып алған қорғасынды сырттан атылған оқтың қорғасыны деп есептемеген.

"Сонда бұл оқ қайдан келген? Бір-екі рет доңғалағынан атуына болар еді ғой. Жоқ, олар көлікті әбден атқылаған. Көлік шұрқ-тесік, 50 шақты оқтың ізін таптық", – дейді Дәурен Біткембаев.

 7 қаңтар күні Алматы орталығында дүрбелең басылған күні ерлі-зайыпты Қуат Біткембаев пен Гүлзипа Құлсұлтанова сол күні кіші баласын пәтеріне жеткізіп тастап, көлігімен Республика алаңына жақын маңдағы үйіне қайтып бара жатқан.



Қуат Біткембаев бұрын әскери қызметте болған, жұбайы Гүлзипа Құлсұлтанова мұғалім болып жұмыс істеген. Олардың үш баласы, сегіз немересі бар. Ерлі-зайыпты 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан.

Қасіретті қаңтар оқиғасы

Еліміздегі қайғылы оқиғалар 2022 жылдың қаңтар айында орын алды. Барлығы сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауына қарсы жаппай наразылықтан кейін басталды. 2 қаңтарда еліміздің батысындағы Жаңаөзен қаласында басталған митингктер кейін Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа да қалаларында жалғасын тапты.

Алайда бейбіт шерулер кейін жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып кетті. Қақтығыстан әсіресе Алматы қаласы қатты зиян көрді. Қаңтардың 5-і күні қарулы қарақшылар тобы қала орталығын қиратып, қала әкімшілігінің ғимараттары мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді.

Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.

Сондай-ақ Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.

Осы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі бүкіл елде төтенше жағдай енгізіп, лаңкестікке қарсы операция басталғанын хабарлады.

5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды. Ол лаңкестермен күресу үшін ҰҚШҰ-дан көмек сұрауға шешім қабылдады.

ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі елдегі жағдайды қалыпқа келтіру үшін Қазақстанға ұжымдық бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешімге келді. Барлығы 2300-дей бітімгер әскерилер келді. 13 қаңтарда ҰҚШҰ миссиясының сәтті аяқталғаны туралы хабарланды. Қазіргі таңда бітімгерлердің барлығы Қазақстаннан шығып кетті.

Кәрім Мәсімов қаңтар айының басында мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталған. Қаңтар айының соңында ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов пен оның орынбасарларының ісі құпия болып, сот оларды қамауға алуға санкция бергенін хабарлады. 10 наурызда департамент Мәсімовтен тәркіленген миллиондар, зәулім үйлер мен қымбат көліктер туралы айтты.

Талқылау