"Маған айтпай мен үшін қан тапсырған екен": Асқар Наймантаев Тұңғышбай Жаманқұловты не себепті қолдайтынын түсіндірді
Актер Асқар Наймантаев үнемі Тұңғышбай Жаманқұловты жақтайтынын айтты. Оған бірнеше себеп бар. Актер өнердегі ағасының жастайынан өзіне қалай қолдау көрсетіп, жақсылық жасағанын баяндап берді. Басына іс түскенде оған қолдау көрсеткенім –інілік парызым еді дейді ол.
Асқар Наймантаевтың айтуынша, студент күнінде өзіне Тұңғышбай Жаманқұлов қолдау көрсеткен. Оқудан шығып кете жаздағанда көмек қолын созған ағасы Тұңғышбай мырза.
“Жоғарыдағының бәрі шаужайынан алып жатқан Тұңғышбайды жақтап не көрінді? Тыныш жүрсеңші, айналаңа зияны тиеді ғой”, – деген сөздерді соңғы екі жылда көп естідім. “Несіне соған бола шыр-пыр болып жүрсің?”, – дегендерге екі әңгіме айтайын.
Біріншісі, әйгілі желтоқсан оқиғасында екінші курста едік. Алғашқы күні алаңғы жиналып, содан бүкіл халық Ленин (Достық) көшесімен төмен түсіп, қаланы бір шарлап, алаңға көп болып қайтып келгенін білесіздер.
Ленин мен Советский көшесінің қилысында, көне сары ғимарат бар, қазір Абай атындағы университеттің қарамағында-ау деймін. Театр факультеті сонда оқитынбыз. Желтоқсанның үшінші күнінен бастап, тұтқындау, тергеу, оқудан шығару басталды. Біздің курстың Жеңіс деген бір жігіті сотталды. Бақытжан деген қызымыз комсомолдан, оқудан шығарылды.
Сол Бақытжанды комсомолдан шығарған аудандық комсомол ұйымының жиналысына группаның комсоргі ретінде мені де шақырды. Тұрғызып қойып, өзімді жүндей түтті.
“Бүкіл группаң алаңға шыққан, соларға ие болмаған қандай комсоргсің?” деді бір орыс қатын.
Мені де комсомолдан шығарды. Мойным салбырап жатақханаға келдім. Ішім алай-дүлей. Ертең енді оқудан шығарады, не істеймін? Бөлмемде анам күтіп отыр екен. Ол кісі Қырғыздың бір санаториіне барып, “Алматыда көтеріліс болыпты” дегенді естіп, тұра қашып, келген беті екен. Сыр бермедім, сездіргем жоқ. Қол-аяғым сау, аман екеніме көзі жетіп, әкелген дәм-тұзын жайып, бізге шай әзірлей бастады.
Бір кезде Тұңғышбай аға телефонға шақырып жатыр деп, вахтадан кезекші келді. Ағам мән-жайды естіген екен.
“Паника жасап, кетіп қалма! Ертең ректормен сөйлесемін” деді.
Ректорымыз Сәкен Дәрженов деген ағамыз еді. Ертесі мені жасырын шақыртты. Кабинетінде емес, подвалда, мүсіншілердің аудиториясында Тұңғышбай аға екеуі отыр екен.
- Тұңғышбай Жаманқұлов: Назарбаевтың 50 мың доллар көрімдігіне театр актерлеріне үй алып бердім
- Актер Дулыға Ақмолда: Ұлым болмаған соң әйелім тоқал алуға рұқсат берді
Сәкен аға: “Айналайын, Тұңғышбай ағаң түнімен маза бермеді. Сенің жақсы студент екеніңді білеміз, бірақ комсомолдан шығарған соң не амал, оқудан шығару керек. Мен сені “шығардым” деген қағазға қол қойып, жоғарыға жіберемін. Сен бірақ сабақтан қалма. Жатақханадан кет. Баратын жерің бар ма?” деді. “Бар. Нархозда оқыдым ғой, сондағы достарыммен тұра берермін”, – дедім.
Бұйрық щықты, өкімет үшін мен оқудан шықтым. Бірақ барлық сабаққа қатысып жүрдім. Тіпті өзге адамның атымен маған ректорлық степендия беріліп тұрды.
Ол 80 сом болатын. Көктемгі сессия кезінде Тұңғышбай аға: “Мына бала сабақтан қалған жоқ, комиссия құрып, емтихан алып көріңіздер” деп, комиссия ұйымдастырып, ол комиссия мені көріп, “Емтиханды үздік тапсырды. Оқуын жалғастыра беруіне болады” деген шешім қабылдады. Сөйтіп, шықсам да шықпай оқуда қалдым.
Қылышынан қан тамып тұрған кезеңде кімнің қолынан осындай игі іс келер еді? Қазақты қазақ тергеп, қазақты қазақ сатып, ұстап беріп жатқан жоқ па еді? Бұл бір”, – деді Наймантаев.
Актердің айтуынша, денсаулығы сыр берген шақта ең бірінші болып көмекке келген де осы ағасы. Сол күннен бастап өнердегі ағам өз ағамдай болды дейді ол.
“Екінші, 1995 жылы ауыр операцияға түстім. Компьютерлік томографияның суретін оқып, ота жасаушы профессор анама айтыпты:
“Естияр біреу болса айтыңыз, балаңыздың жағдайы ауыр, көп қан керек.
Сосын операция сәтті болғанның өзінде ары қарай не болары бір құдайдың қолында”деп, шындықты айтыпты.
Тұңғышбай аға ол кезде Мұхтар Әуезов атындағы театрдың директоры еді. Анам бірден сол кісіге барады. Түстен кейін палатама ағам кіріп келді. Келе сала қалжыңдап, “дәрігер қыздарды таластырып қойып, не бүлдіріп жатырсың?! Маған аурухана басшыларынан арыз түсті, қыздарға кезек-кезек күн көрсетпей жатыр” - деп, жаныма отырып, біраз анекдот айтты. Мен білмеймін, қан тапсырып, келіп отырғаны екен. Артынан театрдағы біраз актерлар келді. Олар да қан тапсырған көрінеді…
Ота жасалды. Маған қойылған қорқынышты диагноз қате болып шығыпты. Бірақ, соноу желтоқсанның таяғы бірнеше жылдан соң іште ісік болып, сыр беріпті. Қиын ота болды, дегенмен бауыр бүтін, басқа мүше сау, тек сол ұйып қалған қан дорба сылынып алыныпты.
Профессор бірінші қабатта, босағада сүйеніп, жылап тұрған анам мен келіншегіме сүйінші сұрағандай хабар беріпті. Анам құрақ ұшып, Тұңғышбай ағаға барыпты. Жақсы хабарды естіген Тұңғышбай аға анамды құшақтап алып, екеуі де көзіне жас алып, бір-бірін жұбатқан көрінеді. Кейін анам күліп отырып айтатын соны.
Алдымен құдайдың, содан соң Тұңғышбайдың арқасында аман қалдың, балам. Саған ең алдымен жүгіріп келіп, қан тапсырған Тұңғышбай.
Сенің бойыңда енді оның да қаны бар деп біл. Енді саған бауыр болды! - деген анамның сөзі құлағымнан кетпейді әлі.
Бұл екі! Тұғыры нық, тұңғиығы тұнық Тұңғышбай мен үшін сондықтан қадірлі! Осымен сөз, сұрақ тәмәм!”, – деп жазды Асқар Наймантаев парақшасында.
“Мұндай іс азаматтың азаматының ғана қолынан келеді. Тұқаңды сырттай бақылап, өмірін, театр мен академиядағы еңбегін жақын таныған іні-достың бірімін. Оның образы бүгінгі алмағайып, сайқал замандағы алапат өртке қанатымен су сепкен қарлығаштың кейпін көз алдыңа әкеледі. Бұндай адамдардың ортамызда барлығы, бірге жүруі өмір сүруге деген бойыңдағы құштарлықты арттырады. Аман жүріңіз, Тұқа!!!”, “Аман болыңыздар, екеуіңізді де жақсы көреміз”, “Сіздердің сауатты әзілдеріңізді сағындық”, – деп жазды желі қолданушылары.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
