Асылбек Боранбаев: “Мемлекеттік мектептерге ешқандай жекеменшік мектеп жетпейді”
Әзілдің тарланы Асылбек Боранбаевпен тілшіміз сырласып, шығармашылық жаңалықтары мен болашаққа құрған жоспарларын, бала тәрбиесі мен еліміздегі білім беру деңгейі туралы экслюзив сұхбаттасып, ой-пікірін біліп қайтты.
©instagram.com/guzelya1974
– Асылбек аға, сұхбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымын. Әңгімені шығармашылық жаңалықтардан бастайықшы…
– Осыдан бір жыл бұрын 50-ге келдім. Мерейлі тойымды шама-шарқымыз келгенше атап өттік. Осы тойға орай туған өлке Сыр елі, оның ар жағында шағалалы теңізі Ақұдайлардың әніне айналған, Тұранның жазығында жатқан ақ құмы талай сүлейдің жырына арқау болған айдынды Арал жұртшылығында қонақта болдым. Аудан әкімшілігі Аралдың 90 жылдық атаулы тойында дүйім жерлестердің алдында ардақтап, туған жерге сіңірген еңбегім үшін “Ауданның құрметті азаматы” атағын табыстады. Одан бері, Қызылорда облысы әкімдігі, Мәдениет басқармасы 50 жасыммен арнайы хабарласып құттықтады. Алматыда жеке шығармашылық кеш беретініңізді білеміз, елдің азаматы бола тұра, Сыр жағасында кеш бермесеңіз отымызға сын болар деп, әріптестерімді жиып, үлкен концерт бердік. Әкім өзі құттықтап, шапанын жауып, сырнайлатып, кернейлетіп шығарып салды. Одан кейін, Алматы қаласы әкімдігінің мұрындық болуымен телевизиялық кеш бердім. Онда да өзімнің театрыммен, әріптестеріммен бірге өнер көрсеттім. Бүкіл ел көрді деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында отыз жылдан астам уақыт әртістік қызметтемін. Қазақ театрының қара шаңырағы - менің актер ретінде қалыптасуыма үлкен үлесін тигізген екінші үйім деп білемін. Сол театрдың басшылығымен бірлесіп, мерей тойымды тойлап, спектаклімізді ойнадық. Өнерім мен өмірімді бір арнаға ұштастырып, кітап жазып шықтым. Сол кітабымның тұсауын кестік. Жақында театр маусымы ашылды. Жаңа рөлдер шығып жатыр. “Еңлік-Кебек” қойылымының премьерасында ойнадық. Көбецдің рөлін сомдап шықтым. Образын аша білдім деп ойлаймын.
– Осы жылы ТТТ театры жеке кешін бере ме? Қандай жоспарлар бар? Театр актерлары карантиннен кейін қарайып қалған жоқ па?
– Жылда кеш беруге тырысамыз. Бірақ, арнайы сатирик авторлардың жоқтығына байланысты жаңа қойылым жазып шығару қиынға соғып жүр. Өзіміз уақыт бөліп отыруға біздің де шамамыз келмей жүр. Басқа да шығармашылық жұмыстарымыз болғандықтан әзіл жазып шығаруға уақыт аз. “Тамаша” театрының актерлерімен бірігіп бір кеш беру де - ойда жүрген іс. Халық сағынып қалды. Күтіп жүр. Бұйырса, бір ойымыз болары - сөзсіз. Қанша жылдан бері әзіл кештерін беріп жүрміз ғой. Соңғы жылдары халықтың әзіл-ысқақ кештерге келуі сиреп кетті. Себебі, пандемиядан кейін адамдар интернет медиаға байланып алған. YouTube -тен көре салғанды артық көреді.
Ал, театрдың жаңалықтарына келер болсақ, нақты әзілге бағытталмаса да актерлармен бірігіп комедиялық драма жанрында “Сюрприз” деген спектакль жазып шықтым. Осы қойылыммен Ақтөбе мен Өскеменге сапарлап қайттық. Бұл “ТТТ” театры үшін үлкен жаңалық болды.
– Фильм, сериалдарға шақырту алғанда өзіңізге ұсынылған рөлдерді сұрыптайсыз ба?
– Ұсынылған рөлдерді міндетті түрде сұрыптан өткізіп, талқылаймыз. Кинотуындының көтеретін тақырыбы, мәні қандай? Оның қоғамға берері қандай? Түсірілім тобы қандай? Режиссерлер мен актерлер қандай? Сол сынды сауалдардан өтіп, көңілден шықса, келісім беріп киноға түсе берем. Соңғы түскен кинотуындыларым халықтың көңілінен шығып жатыр. Әлі де ұсыныстар келсе түсе беремін. Болашақтан үмітім көп. Өзім күтіп жүрген, армандаған рөлдерім бар. Бұйырса сондай образдар келсе, түскім келеді.
– Театрда “мынау - менің төлқұжатым” деп айта алатын рөліңіз бар ма? Неліктен?
– Театрда үздіксіз қызмет етіп жүргеніме отыз жылдан аса уақыт өтті. Еңбегіміз бағаланып, халықтың қошеметіне ие болып жүрмін. Мемлекет тарапынан да атақ-сыйлықтарын да алып жүрмін. Осыншама ұзақ уақыт ішінде бас-аяғы жүзден аса образды ашыппын. Оның ішінде тарихта болған адамдардың рөлдері де жетерлік. Әр қайсысын атап айтып отыру мүмкін емес. Әр рөлім - бір төбе. Әлем классиктарының шоқтығы биік туындыларында есте қаларлық рөлдерді сомдадым. Мұхтар Әуезовтың барлық шығармасында ойнадым. “Қарагөзде” Сырым болдым, “Томиристе” Кир Патшаны сомдадым, Қалихан Ысқақтың “Қазақтар” пьесасы бойынша Тұңғышбай Жаманқұловтың режиссерлігімен қойылған спектакльде Қасым ханның образын аштым. Сондықтан, рөлдерімді бөліп жарымаймын. Барлық рөлдерім “паспортым” дей аламын.
– Жақында Түркияға барып келдіңіз. Ел ішінде де саяхаттап тұрасыз. Шет мемлекеттермен салыстырғанда біздің Отандық туризмге не жетпейді?
– Ел аралағанды ұнатамын. Лондоннан бастап, Корея, Қытай, египетке дейін бірез жерді шарлап шықтық. Саяхаттау - таным көкжиегіңді өсіруге, серігуге, отбасыңа көңіл бөлуге, демалып, жаңа нәрселерді танып білуге өте тамаша мүмкіндік. Шынында, біздің туризмге көп нәрсе жетіспейді. Бізде бағалар шет елдегіден қымбат. Сервис көңіл көншітпейді. Сондықтан, біздің туризмге өсу қажет.
– Қазіргі қоғамда көп ата-ана баласын мемлекеттік мектептен жекеменшік мектепке ала қашады. Қызыңыз қандай мектепте оқиды? Қазақ тілді мектепке бара ма?
– Бес балам бар. Барлығы да ана тіліміздегі мектептерге барып, жоғары білімдерін қазақ тілінде алып, азамат болып шықты. Қазір кенжетайым төртінші сыныпқа барып жүр. Қазақша оқып, қазақша ойлайды. Орыс тілінде де жетік меңгерген. Біздің мемлекеттік мектептерге ешқандай жеке мектеп жетпейді. Жекеменшік мектептердің берген білімі мемлекеттік мектептің білімінен асып бара жатқан артықшылығы жоқ. Сондықтан, балаларымның барлығын мемлекеттік тілде оқытатын, мемлекеттік мектепке бердім.