Асхат Тағыберген Қазақстан ұлттық құрамасы сапындағы мансабын аяқтады
Фото: Қазақстан футбол федерациясы баспасөз қызметі
"Тобыл" футбол клубының ойыншысы, Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген ұлттық құрама сапындағы мансабын аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық құрама ойыншысы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Солтүстік Македонияға қарсы ойында 90 минут өнер көрсетті. Матч аяқталған соң команда капитанының бұл шешімін Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев хабарлады.
"Команданы жаңарту — баяу жүретін процесс. Құраманың ішінде бұл өзгеріс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Соның алғашқысы — біздің капитанымыз, аса құрметті Асхат Тағыберген, батылдық пен ерлік танытып, үлкен қадам жасады. Ұлттық құрамамен қоштасу — өте қиын шешім. Бұл туралы Асхат киім ауыстыратын бөлмеде айтты, жастарға жол беріп, оларға үлгі көрсетті. Біз оның қоштасу ойынын жеңіспен аяқтай алмадық. Дегенмен, Асхат ұлттық құраманың жейдесімен шешінетін бөлмеде қоштасты", – деді Әлиев.
Асхат Тағыберген Қазақстан құрамасы сапында 63 ойын өткізді. Отандасымыз ұлттық құрама жейдесін алғаш рет 2014 жылы киді. 34 жастағы ойыншы команда сапында 3 гол соғып, 7 нәтижелі пас авторы атанды. Биыл тамыз айында 35 жасқа толатын жартылай қорғаушы қазіргі таңда Қостанайдың "Тобыл" командасында өнер көрсетеді.