Арықтауға арналған кептірілген жемістер: дәмді әрі пайдалы
Егер сіз тәттіге құмар болсаңыз, оның орнын басатын кептірілген жемістер барын ұмытпаңыз. Диета ұстаған адамның ас мәзіріне кептірілген жемістер ауадай қажет.
Өйткені, кептірілген жемістерде табиғи микроэлементтер мен дәрумендер мол. Ал кептірілген жемістерді арықтау үшін қолдануға болатынын білесіз бе? Кептірілген жемістердің құрамында қант бар әрі калориялы. Бірақ, күніне аз-кем кептірілген жеміс жеу арқылы сіздің қарныңыз ашпайды.
Кептірілген жемістердің қандай ерекшелігі бар?
Ең алдымен, аталған жемістерде бояғыш заттардың болмайтынын айту керек. Адам денсаулығына зиянды химиялық қоспалар мен өзге де заттарды (тек арықтауға ғана арналмаған) кептірілген жемістің құрамынан көрмейсіз. Сондай-ақ, сахарозаның да көлемі көп емес, керісінше глюкоза мен фруктоза мол. Тағы бір қызығы, жеміс кепкен сайын оның құрамында глюкоза мен фруктоза көбейе береді. Сонымен қатар, кепкен жемісте дәрумендер мен микроэлементтердің тұтастай сақталатынын ұмытпаған жөн.
Диетологтардың мына бір кеңесіне де құлақ түрмеуге болмайды. Кептірілген жемісті асықпай шайнап, кейін бір стакан су ішсеңіз, көпке дейін қарныңыз ашпайды. Енді кептірілген жемістердің негізгі түрлеріне тоқталып өтелік.
Қара өрік
Қара өрік ас қорытуға көмектесіп, дұрыс арықтауға септігін тигізеді. Қара өріктің артықшылығы – ішек жолдарының жұмысын жақсартатын ас талшықтарына бай. Бұл адам ағзасының шлактар мен зәрден тез тазаруына әкеледі.
Одан бөлек, қара өрікті жиі пайдалану депрессияға қарсы тұруға көмектеседі. Мәселен, сіз диета ұстап жүрсіз. Сондықтан, стрессте де болуыңыз мүмкін. Бұл стресс одан әрі депрессияға ұласпау үшін қара өрікті жеп тұрыңыз.
Кептірілген өрік
Кептірілген өрік қырыққа толған әйел адамның ас мәзірінен түспеуі керек. Себебі, ол сүйекті остеопороздан қорғайды. Сондай-ақ, жүрегі ауыратын, несеп айдағыш дәрі қабылдайтын адамдар үшін де кептірілген өріктің пайдасы зор. Өйткені, аталған дәрілер адам ағзасындағы пайдалы тұздарды шайып алып кетеді. Ал бұл денсаулыққа зиян. Кептірілген өрікті үнемі пайдалансаңыз, ағзадағы магний, кальций, калийді арттыруға болады.
Құрма
Диета ұстағанда құрманың рөлі қара өрік немесе кептірілген өрік секілді үлкен емес. Өйткені, аталған жемістермен салыстырғанда, құрма тәттірек. Сондықтан, тез тойып қаласыз. Диета кезінде сіздің күшіңіз азайып, әлсізденетін кезіңіз көп болады. Сол кездерде құрма жеген дұрыс. Себебі, құрманың құрамындағы В5 дәрумені сіздің жұмысқа деген қабілетіңізді арттырып, белгілі бір деңгейде мидың жұмысын жақсартады. Бір сөзбен айтқанда, егер сіз іскер әрі белсенді адам болсаңыз, құрма сізге көмектеседі. Тағы бір қызықты деректі айта кеткен жөн. Пирамидаларды салу кезінде мысырлықтар құрманы көп жеген. Енді құрманың адам азғасына пайдасы мол екенін біле жүресіздер деп ойлаймын.
Мейіз
Көп жағдайда мейізді кептірілген поливитамин деп атайды. Сондықтан, кептірілген жемістің бұл түрі ағзаға өте пайдалы. Өйткені, мейіздің құрамында көптеген дәрумендер мен микроэлементтер бар. Одан бөлек, мейіз құрамында йод өте мол саналады. Ал диета кезінде йодтың қалқанша безге аса қажет екенін ұмытпаңыз. Күн сайын кептірілген жүзім жеу шаштың қатаюына әсер етеді.