Арыстағы жарылыстан кейін үйлерге жөндеу жұмысын жүргізген мердігерлер еңбекақы толық төленбегенін айтып шағымданды
2019 жылғы Арыстағы жойқын жарылыстан кейін қираған үйлердің құрылысын жүргізген жиырмадан астам компания әлі күнге дейін өздеріне тиесілі қаржысын ала алмай келеді. Олар Нұр-Сұлтан қаласы жауапты Арыстағы №9 секторда үйлердің іргетасынан бастап, шатырына дейін қалпына келтірген. Бастапқыда толық беріліп келген қаражат, соңғы екі ай қалғанда мүлде төленбей қалған дейді кәсіпкерлер. Соның кесірінен жұмысшылар алдында әбден қарызға баттық деген мердігер компания жетекшілері бүгін Президентке үндеу жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Жарылыстың болғанына үш жылға жуықтаса да құрылыс үшін ақшасын ала алмаған мердігерлер Арыс әкімдігінің алдына тағы жиналды. Олар былтыр қазан айында қала әкімі "тиісті министрліктерге хат жібердік, қаржы екі аптада түседі" деп уәде берді дейді. Арада төрт айдан астам уақыт өтсе де, берешектен бір хабар жоқ деп ашулы.
"Қирап қалған, бұзылған үйлерді қалпына келтірдік. Жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Аяқтарымызды тоздырып жүрміз осы Арысқа келіп. Арыстағылар басқаға сілтейді. Шамамен жарты миллиардқа жуық ақшамызды ала алмай жүрміз", – деп мәлімдеді мердігер Оразбай Сапарбеков.
Арыс қираған тұста шенеуніктер еңбекақы толық төленеді деп сендірген екен. Сөйтіп, қажетінше пайдаланып, ақысын төлерде ақымақ қылды дейді.
"Толық жөндеу жұмысы. Шатырдан бастап іргетасына дейін істедік қой. Іші, терезесі, толығымен. Қарап отырмаймыз ғой, әрі қарай да жұмыс істедік", - деп қосты мердігерлердің бірі Мұхтар Сариев.
Жиналғандар алдына алдымен әкімдік мамандары, кейін әкім орынбасары, одан кейін әкімнің өзі шығып түсіндірме жасады. Қаржыны Нұр-Сұлтан әкімдігі төлеп беруге дайын деді. Тек Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Ұлттық экономика және Қаржы министрлігімен бірлесе үкіметтің қаулысын дайындауы шарт екен. Тиісті құжатты тездетуді сұрап елорда әкімі премьер-министрге де хат жіберді, енді тек қаулының шыққанын күту қалды дейді.
"Үкіметтің қаулысы шығады. Сол мәселеден кейін қаражат Түркістан облысына орналасқаннан кейін барып біз қаржыландыру жүргіземіз", – дейді Арыс қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Ғани Садықов.
Қаулы мен қаржы үкімет тарапынан болғанымен, төлем Арыс әкімдігінен жүргізіледі дейді жауаптылар. Сондықтан біз 489 миллион теңге 21 мердігерге жеткенше жауаптымыз деді. Бірақ мердігерлердің қаржы неше күнде түседі деген сұрағына арыстық шенділер жауап бере алмады. Ал құрылыс компаниялары басшылары болса Президентке үндеу жасаймыз деп тарқасты.
Айта кетейік, Арыс қаласындағы жарылыс 2019 жылдың 24 маусымында болған еді.

"Құс үркітіп сағатына 8 200 теңге таптым": Англияда жүріп 1 миллионнан аса айлық алатын қазақстандық жұмысы туралы айтып берді
