"Әкімдік жағалап жүргенімізге 6 жыл болды": Арыста жарылыстан үйі бүлінген азаматтар баспанасының жарамсыз екенін дәлелдей алмай жүр

Арыста жарылыстан үйі бүлінген азаматтар баспанасының жарамсыз екенін әлі күнге дейін дәлелдей алмай жүр. Төрт жүздей тұрғынның сот пен әкімдік табалдырығын тоздырғанына биыл 6 жыл. Алайда, жауаптылар ешқандай шара қолданбады дейді олар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғындардың сөздерінше снаряд жарылысы сол күйі тоқтамаған. Кесірінен 2019 жылы бүлінген үйлер қазір қақырай бастапты.
Арыс қаласының тұрғыны Темірхан Қанжігітов әскери бөлімдегі оқ-дәрі жарылысын өз көзімен көргендердің бірі. Тіпті снарядтың бірі оның үй жағына түскен. Кесірінен 2013 жылы салған баспанасының есік-терезесі қирап, қабырғасы қақыраған. Бірақ, баспанамның жарамсыз күйін сол бойы ешкімге дәлелдей алмадым дейді.
"2019 жылы жарылыс кезінде бұл үйге снаряд кіріп, баспана бір көреліп-түскен. Содан там жарылған. Екі жұмысшы жіберді. Үйді жан-жағынан қысып кетті. Ей сендер тамды қысып ақымақсыңдар ма? Қам қышқа там қысылмайды ол бетон тамдарға қысылады десем көнбеді. Қазір соттасқаныма үш жыл болды. Ешқандай нәтиже де, көмек те жоқ. Әйтеуір жүріп жатырмыз әбіржіп", – дейді Арыс қаласының тұрғыны Темірхан Қанжігітов.

Фото: Stan.kz
Арыста оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан жапа шегіп, үйімді сол күйі жөндеп бермеді деген тағы 400-дей тұрғын бар. Олардың бәрі де қазір сот табалдырығын тоздырып жүр.
"Біз жарылыстан кейін келгенде терезелер сыртта жатқанын көрдік. Оның орнына терезе салып берді. Бергенін қайтейін ешқандай жөндеу жұмыстары жасалған жоқ. Оның үстіне мына жер екі қабырғаның арғы жағынан күн көрініп тұр", – дейді тағы бір тұрғын Ақжол Исмаилов.
"Қорқамын бұл үйден. Кез-келген уақытта жарылып кетуі мүмкін. Қазір үнемі жарылыс болып жатыр бізде. Жарылған сайын сызықтың көбейіп жатыр. Әр жарылған сайын не болар екен деп қорқамыз. Әскери бөлімше қайтіп жарылып кете ма деген ой мазалайды", – дейді Арыс қаласының тұрғыны Дариға Қанжігітова.

Видеодан скрин
Еске салайық, 2019 жылы Түркістан облысының Арыс қаласында әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасында жарылыс болған еді. Кесірінен қаланың күл-талқаны шықты. Барлығын қалпына келтіру үшін еліміздің әр облысына секторлар бөлініп, аймақ өкілдері жөндеу жұмыстарына келіп-кеткен еді.
"Қала аумағы 17 секторға бөлініп, қайта қалпына келтіру жұмыстары толық көлемде жүргізілді. Нәтижесінде 8637 тұрғын үйдің 7386-ы жөндеуден өтіп, 477 тұрғын үй қайта салынды. Сонымен қатар, төтенше жағдайда зардап шеккен 62 610 тұрғынға мемлекет тарапынан 100 мың теңгеден, жалпы сомасы 6 млрд 261 млн теңге көлемінде материалдық көмек төленді", – деп мәлімдеді Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Осылай деген әкімдік өкілдері жөндеуге көңілі толмаған тұрғындардың сотқа арызданғанын жоққа шығармады. 2023-2024 жылдары сот өткенімен, бұқара екеуінде де өтемақы ала алмай жеңілдік дейді. 6 жылдан бері төбесі тесіліп, қабырғасы сөгіліп, іргетасы бүлінген үйде тұрып жатқан жұрт жауаптылардың тағы да бір тексеріс жүргізуін талап етеді.
Қолданыста жүргеніне 50 жылдан асқан: Астанадан ұшқан қазақстандық ұшақтағы түсқағазды көріп жағасын ұстады (видео)