Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлық үй шаруасын 11, 13 жастағы ұлдарым жасайды": Алматы іргесінде арбаға таңылған жалғызбасты әке үш баласын бағып отыр

Алматы іргесінде Ауған соғысының ардагері Айбар Мұратұлы үш баласын жалғыз бағып отыр. Бірінші топ мүгедегі жүріп-қозғалудан қалған. Барлық үй шаруасын 11 мен 13 жастағы ұлдары атқарады. Кәмілетке толмаған үш баласымен жазғызбасты әке баспанаға зәру. Оның бұл күйінен аудан әкімі хабардар болса да, берер көмегі жоқ. Stan.kz тілшісі ардагердің өзімен тілдесіп, жағдайын сұрап білді. 

айдар

"Алматы облысы Өжет ауданында туып өстім. 1994 жылы әскерге шақырды. 1996 жылға дейін парызымды өтедім. ІІМ ішкі әскери бөлімінде қызмет еттім. 1995 жылы елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа бардық", - деп әңгімесін бастаған Айдар қанды қырғында көрмеген қиындығы қалмағанын айтты. 

Сөзіне сенсек, 3-4 күн бойы ас-су көрмеген олар жердің астында жылу жоқ жерде қызметтерін айтқарған. Басты міндеті Қазақстанға қарай есерткі сынды түрлі қауіпті заттардың өтпеуін қорғап, күзету. 

"Әскерден кейін Ішкі істер министрлігінде шұғыл әрекет ету жасағында істедім. Сегіз жыл қызмет істеп, өз еркіммен шығып кеттім. Құрлысшы болып нәпақа таптым. 2006 жылы шаңырақ көтердім. Келіншегім үш баланы дүниеге алып келді. Екі ұл, бір қыз. Ең үлкен ұлым - 13 жаста, екінші ұлым 11-де, қызым 7 жаста", - дейді ол отбасылық жағдайы туралы. 

Айдар Мұратұлы бірінші - топтағы мүгедек. Аяқ-қолы қозғала алмай қалған. Құрылыста жүріп, екінші қабаттан құлап арбаға таңылған. Жығылғанға жұдырық болғандай өткен жылы қос бірдей қанатынан, аяулы анасы мен жан-жарынан қапияда айырылып қалған. Кәмілетке толмаған үш жеткіншекті құшақтап жалғызбасты әке қалды. Қазір дәретке барудың өзі мұң болып тұр. 

"Өткен жылы жазда анам қайтыс болды. Үш айдан кейін күзде әйелім қайтыс болды. Жүрегі шыдамады ... Өзім бірініші топтағы мүгедекпін. Үш баламен кепедей үйде жалғыз қалдым. Қазіргі тұрып жатқан қуықтай үй қарындасымдікі. Өзімнің баспанам жоқ", - дейді ол ашынып. 

Оның мұндай аянышты хәлі туралы тәжік-ауған соғысына қатысқан ардагерлер кездейсоқ білген. Бірден өз майдандасына көмекке асыққан олар үйіне пеш, газ кіргіп беруді қолға алған. Ал әкімдіктегілердің қолынан келер қайран тек бір жарым айдан кейін ғана ... Оған дейін амал жоқ осы күніңді көре бер. 

айдар

"Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыста қызмет еткен достарым келіп, үйге жылу кіргізіп беріп жатыр. Қолдарынна келгенше жағдайымды жасауға ұмтылып, жалғыз қалдырмай көмек қолын созуда. Ал аудандық әкімдіктен ешқандай көмек болып жатқан жоқ. Өзіміздің жергілікті әкім үйге келіп, жағдайды көріп, тек  бір жарым айдан кейін ғана газ қосатынын айтты. Оған дейін немен жылынамыз?! Сағынтаевқа өтініш айтатынымды жеткіздім. "Кімге шықсаң да бәрібір" деген жауап естідім", - дейді ол. 

Әкімдіктен еш қолдау таба алмай отырмын деген Айдар қазіргі хәлі мүшкіл екенін айтып қалды. Үй шаруасына үлкен ұлы мен кіші ұлы кіріседі екен. Бірі үй жинаса, екіншісі тамақ істейді. Ал екінші ұлының құлағы естімейді екен. Дәрігерлерден мүгедектік туралы анықтама ала алмай отырған көрінеді. 

"Үй шаруасына балаларым жүгіреді. Үлкен ұлым үй жинайды, кіші ұлым тамақ істейді, қызым әлі кішкентай. Тұрып жатқан үймізде газ жоқ. Көмір жағып жатырмыз. Көмірді кіші ұлымның сыныптастарының ата-аналары жиналып алып берді. Кіші ұлым пеш жағады. Түнде ұйықтамаймын. Уланып қаламыз ба деп қорқамын. Екінші баламның екі құлағының да есту қабілеті нашар. Бір құлағы 50%, ал екеніші құлағы 60%-ға естімейді. Осы ұлыма мүгедектік алып берейін десем, дәрігерлер анықтаманы бермей отыр. 70% - дан асса ғана мүгедектікті растайтын құжат береді екен. Сонда құлағы дым естімей қалғанға дейін бермейді ме? Не деген сұмдық?! Қазір құлағында арнайы аппарат бар. Оны да менің мүгедектігімнен алатын жәрдемақыға алғанмын", - дейді жалғызбасты әке. 

айдар

Айдар Серкебаев Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқан батырлардың президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ҰОС ардагерлеріндей дәрежеде ұлықталатынын, тіпті, естімеген көрінеді. Осының кесірінен өзіне тиесілі жәрдемақыны да алмай келген. Тек соңғы бір айда ғана тиісті қаржысы қолына тиіпті. 

Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыста қайыспай, қайсарлық танытып, басын қауіп-қатерге тігіп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ардагерге қазір бастысы баспана керек. Осы өтінішпен Алматы қаласының әкіміне айтар бұйымтайы бар. 

"Сағынтаев мырзадан сұрайтыным, баспана берсе екен. Балаларым мені сүйретіп дәретке шығарады. Әжетхана далада. Ешқандай жағдай жасалмаған. Өкіметтен баспана берсе екен", - дейді ардагер Серкебаев Айдар. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

 

 

Талқылау