Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Арасында шоу бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар": Депутаттар "инфосығандар" үшін тексерісті күшейтуді ұсынды

16 қазанда мәжіліс отырысында Amanat фракциясының депутаттары вице-премьер Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, елдегі “инфосығандар” мен олар ұсынатын платформалардағы тексерісті күшейтуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: calltouch.ru

Депутат Жарқынбек Амантайұлы “инфосығандардың” көбеюі қоғамды дүрліктірген маңызды мәселеге айналғанын айтты. 

“Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде "бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін" деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздырып жүр. "Аңқау елге арамза молда" демекші олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар”. Оларды ауызекі тілде "инфосығандар" деп атайды”, – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт несие рәсімдеп, сатып алады.

“Елдің еңсемді көтерсем деген адал үмітін арам жолмен пайдаға айналдырғандарды қалай атауға болады? Бұлардың ешбір сүзгі мен қадағалаудан тыс өткізіп жүрген сабақтарының кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түсті. Қарияның бірауыз сөзі еліңді, кейуананың бір ауыз сөзі келінді тәрбиелеген ұлтымыздың отбасы құндылығын кім көрінген өзінше түсіндіріп, шаңырақтардың шырқын алды. Өз тағдырын түзей алмағандар өзгенің киелі табалдырығына төрелік айтып бағады”, – деп қосты өз сауалында депутат. 

Мәжілісмен “инфобизнес” өкілдерінің көпке ұсынып отырған сабақтары ұлттық құндылықтарға, мемлекеттің "Неке және Отбасы туралы" Заңына қаншалықты сай екенін ешкім тексермейді дейді. 

“Сөйте тұра кейбір деректерде еліміздегі осындай инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллион доллар болғаны айтылған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллард долларға жетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі?! Тіпті Инфосығандардан мезі болған жұрт оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылдың 23-қарашасында петиция да жариялаған екен. Өкінішке қарай, қараусыз қалса керек. Былтыр мәжіліс қабырғасында "Онлайн Платформа және онлайн жарнама" туралы заң жобасы қабылданды. Осы Заңның әлі де болса орындалуы осал болып жатқанын көріп отырмыз. Әйтпегенде, біз көтеріп отырған мәселенің көбі дерлік аталған заңда бүге-шігесіне дейін қамтылған”, – деді Жарқынбек Амантайұлы. 

Осылай дей келе депутаттар келесі ұсыныстарды ұсынды:

  • Инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясына, заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заң бұзушылықтарға жедел әрекет ету қажет;
  • "Онлайн Платформа және онлайн жарнама туралы" Заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуге тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адамға жауапкершілік жүктелгені туралы статистиканы ашып көрсету маңызды.
  • Бизнес тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуге тиіс;
  • Халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет. 
Талқылау