Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Араларыңнан бір еркектің табылмағаны ма": Қуат Хамитов ұлттық құраманың футболшыларына тағы да үндеу жолдады

Қазақстандық аралас жекпе-жек файтері Қуат Хамитов футболшыларға қайырылып, оларды “халықтың ақшасынан бас тартуға” шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ММА спортшысы бұған дейін бірнеше рет қазақ футболына қатысты сыни мәлімдемелер жасаған еді, енді ол ойыншыларға да үндеу тастады.

“Жігіттер, менің айтарым бар. Мен футбол тақырыбын 2016-17 жылдан бері көтеріп келемін. Осы уақыт ішінде араларыңда бірде-бір азаматтың табылмағаны ма?! Бүкіл футбол қауымдастығынан. Бәрің де ауылдан шыққан шығарсыңдар. Ауылда жол жоқ, дәрі-дәрмек тапшы екенін, ауруханалардың халі мүшкіл, жедел жәрдем, жұмыс жоқ, жастар ауылда ғана емес, қалада да не істерін білмей жүргенін онсыз да көріп жүрген шығарсыңдар”, – деді Хамитов.

Хамитовтің сөзінше, осы уақыт ішінде футболшылардың арасынан бір еркектің шығып, бәріне мәлімдеме жасайтынын күткен.

“Осының бәрін көріп, мен қаншама жылдар бойы футболшылардың арасынан біреу шығып: “Жігіттер, халықтың ақшасын алуды доғарайық. 30 жылда 1,5 млрд жұмсалды, нәтиже жоқ, турнирлерде жеңіс жоқ, елге онсыз да медаль әкелмейміз, әлемде 99-100-орында тұрмыз, туған халқымызды тонауды доғарайық. Бұл – сыбайлас жемқорлықтың бір түрі. Халықтың ақшасын алуды қойып, демеушілер тауып, әйтеуір өзіміз нәтиже көрсетейік”, – деп айтатын бір еркек шығар деп күттім”, – деп сөзін жалғады спортшы.



Айта кетейік, Словениядағы жеңілістен кейін Қуат Қазақстан құрамасын қолдап, “елдің намысын қорғап жүрген кез келген адамға жеңіліс ауыр тиетінін” айтқан болатын.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы Еуро – 2024 іріктеу кезеңінің шешуші матчында жеңіске жете алмағанымен, Магомед Адиевтің командасы турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алу мүмкіндігін сақтап қалды.

Қазақстан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының екі жолдамасына Дания, Словения, Финляндия, Солтүстік Ирландия және Сан-Мариномен таласты. Бұл топтан Дания 25 ұпаймен, Словения 22 ұпаймен жолдамаға ие болды. Қазақстан 18 ұпаймен 4-орында тұрақтады.

Қазақстан келесі жылы наурызда Еуро-2024 додасына лицензия алуға тағы бір рет талпынып көреді. Енді алдағы жылы наурызда Ұлттар лигасының плей-офф кезеңі арқылы бір жолдамаға таласуға мүмкіндігі бар. Қазақстан наурыздың аяғында Грекиямен ойнайды, егер Грекияны жеңсе, Грузия-Люксембург арасындағы матчтың жеңімпазымен жолдамаға таласады.

Талқылау