Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әр жұмысшыға 1 млн теңгеден қарыз: Ақтөбеде қытайлық мұнай компаниясының жұмысшылары еңбекақыларын ала алмай жүр

Ақтөбелік мұнайшылар маңдай терімен тапқан миллиондарын ала алмай, сот жағалап жүр. Өздерінің есептеуінше компания әрқайсына 2 миллион теңгеден астам берешек көрінеді. Ал жұмыс беруші сотқа шағым түсіргендерге экологиялық үстемақыны төлеуге асығатын емес.

Әр жұмысшыға 1 млн теңгеден қарыз: Ақтөбеде қытайлық мұнай компаниясының жұмысшылары еңбекақыларын ала алмай жүр

Ұжымдық келісім-шартта көрсетілгенді компания неге осы уақытқа дейін орындамай келген? Жұмысшылардың талабы не болады? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Бұл - өздері жұмыс істеген мұнай компаниясын сотқа бергендердің бір парасы ғана. 50 мұнайшы өздеріне тиесілі экологиялық үстемақыны талап еткен.

"Біз аспандағы айды сұрап отырғанымыз жоқ!" деп ашулы. 2013 жылғы ұжымдық келісімшартта бәрі анық жазылыпты. Яғни, айлыққа экологиялық зардабы үшін 20 пайыз үстемақы қосылуы керек екен. Бірақ, жұмысшылар оны алған емеспіз деп ант-су ішті. 

«Заңды түрде өзімізге тиесілі, еңбегімізді төлесін. Сотқа шағымданған жұмысшылардың компаниядан алатын қарызы төмен дегенде 1 млннан басталады. 1-3,5 млн теңгенің арасы», - деді компания инженері Рүстем Бақытжанов. 

Бар айқай 2018 жылы ұжымдық келісім-шартқа өзгеріс енгізілгеннен басталды дейді жұмысшылар. Оған дейін 5 жыл бойы құжатта жұмыс орны бойынша экологиялық үстемақы ретінде жалақыға қосымша 20 пайыз төлеп келген. Ал 2018 жылдан бастап, тұрғылықты жері бойынша ғана төлеуге көшкен. Жұмысшылардың шамына тигені де осы болып отыр.

«Біздің 5 жылғы экологиялық ақшамыз алынбай қалды. Компания тек тұрғылықты мекен жай бойынша төлеп отыр. Туған жері қайда тұр, солай төлеу керек ғой. Экологиялық зардабы тиіп жатыр. Бәрі көрініп тұр», - деді компания жұмысшысы Аймұрат Төремұратов.

Жұмысшылар төлем төңірегіндегі шағымдарымызды айтпаған жеріміз жоқ дейді. Еңбек инспекциясына да жеткізген. Компания басшылығын да бірнеше мәрте құлаққағыс еткен. Бірақ нәтиже болмапты. Тіпті, сөздеріне дәлел болуы үшін сот процесіне еңбек қатынастары бөлімі қызметкерімен арадағы хат алмасуды да іске тіркеуді сұрады. Алайда, компания өкілі бұл қай хат деп білмегенсіді.

«Біз компаниядағы әртүрлі шарттарды, акттерді, маңызды құжаттарды түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сондықтан, дәл мына хат алмасудың осы жайтқа қатысы бар, осы мәселе талқыланып еді деп нақты айта алмаймын», - деді компани өкілі Гаухар Ибрашева. 

Мұнайшылар әр деректі дәлел ретінде ұсынатын реті бар дейді. Өйткені, бұған дейінгі сот отырыстарында компания басшылығы жұмысшылар тарапынан ұжымдық келісімшарттағы өзгерістерге қатысты еш жазбаша ұсыныс болмады депті. Компанияның бұған қатысты пікірін тыңдауға әзір едік. Алайда жауап болмады. Сот процесі әлі жалғасады.

Талқылау